“Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы” КЕАҚ мүдделі ҮЕҰ-ды Жапония Үкіметінің “KUSANONE (Шөп тамырлары)” гранттық бағдарламасы шеңберінде жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырады. Бағдарлама жыл сайын адам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шағын масштабтағы әлеуметтік жобаларға өтеусіз көмек көрсетеді. «Шөп тамырлары» бағдарламасы бойынша ақысыз қаржылық көмек мектептерге, ауруханаларға, үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ) және басқа да коммерциялық емес ұйымдарға ұсынылады.
2006 жылы Жапон Үкіметі Қазақстан Республикасы үшін көмек көрсету бағдарламасын дайындады. Осы бағдарлама аясында үш басты даму мәселелері көтерілді: кедейлікті қысқарту бойынша көмек көрсету, қоршаған ортаны қорғау, Қазақстан Республикасының ауылдық аудандарында денсаулық сақтау деңгейін арттыру.
Сонымен қатар, әйелдерді белсенді еңбек қызметіне (Әйелдер дамуы) тарту, бастауыш білім беру, қоғамдық әл-ауқат сияқты салалардағы жобаларға назар аударылады. Бір жоба бойынша грант сомасы 10 миллион иеннен, яғни шамамен 85,000 АҚШ долларынан, аспау қажет.
Бағдарламаның мақсаты: адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша түрлі әлеуметтік жобаларды іске асыру жолымен қарапайым халыққа көмек көрсету
Шарттар: гранттың жалғыз шарты – Қазақстан Республикасында қарапайым халықтың әлеуметтік-экономикалық дамуы саласындағы жобаларды іске асыратын коммерциялық емес ұйым болу. Сондай-ақ, өтініш берген кезде өтініш беруші ұйымның екі жылдан астам табысты жұмыс тәжірибесі болуы тиіс.
Өтінім берудің соңғы мерзімі: Құжаттарды қабылдау жыл бойы жүргізіледі. Жобаларды іріктеу жылына екі рет жүргізіледі (көктемгі кезеңде (шамамен мамыр-маусым) – а. ж. 31 мамырына дейін; күзгі кезеңде (шамамен қыркүйек-қазан) – а. ж. 30 қыркүйекке дейін).
Жобаны «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-мен бірлесіп іске асыруға мүдделі болған жағдайда мына байланыс телефоны бойынша хабарласуыңызды сұраймыз: 8-71-72-22-12-24, 8-71-72 -22-12-44, jakupova@cisc.kz.
Қосымша ақпаратты келесі сілтеме арқылы ала аласыз: https://www.kz.emb-japan.go.jp/itpr_ru/cooperation.html