Жарияланған күні: 13.10.2017
Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау» КЕАҚ «Халықтың ұлттық-мәдени бірлігін сақтаудағы зиялылардың рөлі» тақырыбындағы мемлекеттік грант аясында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласына орай «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Конференция жұмысына қазақ халқының тарихы, археологиясы, этнологиясы, этнографиясы, мәдениеті, әдебиеті, тілі мәселелерімен айналасып жүрген ғалымдар, жоғары оқу орындарының, колледждер мен мектептердің мұғалімдері, докторанттар мен магистранттар қатысып, заманауи қазақстандық мәдениет мәселелерін талқылады.
«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияның мақсат-міндетін айтып, жиынды ашқан Халықаралық «Жанашыр» қорының президенті Жаңыл Әпетова, Елбасымыз жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын мақаласының қоғамда, әсіресе, зиялы қауым өкілдері арасында зор серпіліс туғызғанын атап өтті. Мемлекет басшысы қозғаған мәселелер өте салмақты, терең мағыналы екенін, болашаққа бағдарланған рухани жаңғырудың басым бағыттарын айқындап, қиындықтарды қоғам, жұртшылық болып еңсерудің міндеттерін қойғанын айтты. «Халықтың ұлттық-мәдени бірлігін сақтаудағы зиялылардың рөлі» тақырыбындағы жоба аясында өтіп отырған бұл конференция да рухани жаңғыру үдерісіне барлық білім беру салаларының оқытушылары мен ғалымдарын тарта отырып, олар арқылы жас ұрпақты да осы процестен тыс қалдырмауды мақсат еткенін ескертті.
Тарих ғылымының кандидаты, доцент Берлібаев Ердәулет Тұрбекұлы жаңа дәуірдегі рухани жаңғырудың құндылығы мен маңыздылығына тоқталды. «Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бүгінгі күнге дейінгі жеткен жетістіктеріміз нәтижесінде әлемге танымал мемлекетке айналды. Ауызбірлігі жоқ алауыздық орын алған елде жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Елбасы айтқандай бірлік, өзара түсіністік үнемі жадымызда болса, біз алмаған асу, біз жетпеген биік болмайды деп есептеймін» дей келе, Ердәулет Тұрбекұлы сөзін «Арғы ата-бабаларымыз жас өренді елін, жерін сүюге үндеп, ұлттық салт-дәстүрмен сусындатуды мұрат тұтқан-ды. Сол рухани үндеу бүгінгі күнге жеткізді.
Жас ұрпақты әртүрлі экстремистік ағымдардан сақтаудың басты амалы – Отаншылдық сезімді, елге, жерге, ұлтына деген табандылықты қалыптастыру.
Жастарды Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу аса маңызды әрі жауапты парыз Бiз, қазақтар елiмiздегi барлық ұлт өкілдерін топтастыратын, Қазақстан азаматтарының бәріне ортақ менталитет қалыптастыруға мұрындық болатын ұлтпыз.
Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан. Қазақстанды Отаным деп білетін әрбір Қазақстан азаматы, Қазақстанның дамуына, өркендеуіне өз үлесін қосуға міндетті. Ұлы Дала Елі! Тәуелсіз Қазақстанымыз Мәңгілік Елге айналсын!» деп аяқтады. Саяси ғылымының кандидаты, доцент Нұрғалым Кәдір Салықұлы Қазақстанның рухани жаңғыруындағы саяси жолы мен әлемдік аренадағы орнына тоқталды. Ол өз сөзінде «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана. Сонымен бірге ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Әл-Фараби тұлғасын сомдап, ұрпағына зерделеп ұлттық код ретінде берген Ақжан Машанов болды. Әртүрлі мәліметтерге қарағанда Фараби еңбектерінің жалпы саны жүзден асады. Зерттеушілердің айтуынша Фараби еңбектері арабша нүсқасы жоғалып кеткен еңбектерінің біразы латынша, еврейше аудармаларда сақталған. Оның бұл енбектерін Европа ғалымдары кең түрде пайдаланған. Ал араб ғалымдары Фараби тірі кезінде де, өлгеннен кейін де оны өздерінің ұстазы деп білген. Әсіресе, онын еңбектерін Орта Азия ғалымдары жоғары бағалаған. Фараби еңбектерінің кейбіреулері кейінгі кездерде неміс ағылшын, француз тілдеріне аударылған. Мысалы, Дерлангер Б. “Араб музыкасы“ атты француз тілінде шыққан еңбегінде Фарабидін “Қитаби музыка ал-кабир” деген еңбегін толық келтірген. Европа тілдерінде шыккан “Ислам энциклопедиясы” атты жинақтарда да әл-Фараби туралы үлкен макалалар басылған. Ал біз әл-Фарабидің Қазақстанан шыққан қазақ екенін әлемдік денгейде таныта алдық па» деп көпшілікке сауал тастай сөзін жалғастырды.
Әр қазақстандықтың көкейінде жүрген, толғандыратын өткір мәселенің күн тәртібіне шығарылуы кездейсоқ емес. Тәуелсіздік жылдары осындай үлкен ұмтылыс жасауға жақсы негіз қаланды. Халқымыз Елбасымыз ұсынған стратегиялық бағдарламаларды жүзеге асыра отырып, өсті, өркендеп жетілді. Экономикалық-саяси салаларда орныққан өркенді өзгерістер қазіргі замандағы жаңа Қазақстанның болашағына деген сенімді нығайта түскені анық. Әрине, жаһандық бәсекеге қабілетті болу, әлемнің озық елдерінің қатарынан көріну үшін мұның бәрі аздық етеді. Бұл ретте ұлттық рухани жаңғыруды сапалық деңгейге көтерудің, оған жол ашатын жаңа тетіктерді іске қосудың маңызы өте зор екендігін тілге тиек етті.
Алматы экономика және құқық колледжінің оқытушысы Жақсығұлова Айнұр ұлттық тәрбие – мәдениетті қозғаушы күш екендігін сөз етті. «Талай ғасырлардың куәсі болған, қазақ халқына тән ұлттық тәрбиенің, өнегелі дәстүрлердің жастар тәрбиесінде алатын орны ерекше болу керек. Заманауи Қазакстанда мәдениетті дамыту үшін ұлттық тәрбиенің қайнар көзіне, дәстүрлеріне қайта оралу заманның жай ағымы ғана емес, қоғамның өмір талабынан туындаған қажеттілік, өйткені мәдениеттің әлеуметтік-тұрмыстық дәстүрлі түрлерін танып-білу арқылы адам баласы оның рухани бастауына терең бойлайды, туған елінің, ұлтының өзіндік ерекшелігін аялап, сақтауға үйренеді және басқаларға таныта алады.» дей келе, өз сөзін Қорқыт бабамыздың мына бір қанатты сөзімен аяқтады:
«Өткен күн Кеше,-тарих
Келер күн Ертең, -сыр
Ал бүгінгі күн – үлкен сый», дей отырып, қоғамдағы өзекті мәселенің бірі ұлттық тәрбиеге мән беру – сіз бен біздің ұрпақ алдындағы парызымыз деді.
Рухани жаңғырудағы ұлттық тәрбие және ұлттық сана мәселелеріне байланысты ой қозғаған Алматы мемлекеттік жаңа технологиялар колледжінің оқытушысы Абдикалыкова Ғалия Жолдыбайқызы, әрбір адам өз Отанына деген мақтаныш сезімі, өз ұлтын терең сүюі арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеуге тиіс. Ұлттың сана-сезімімен ана тілін білу де, жері елінің тарихына зер салу, төл мәдениетін игеру де туындайды. Ана тілін білмейтін адам өзінің де, ел-жұртының да қадір-қасиетін жетік біліп, бағалай алмайды. Олай болса, рухани байлыққа, ең алдымен, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді жатқызсақ, тіл – қазақ болуымыз үшін, дін – адам болуымыз үшін, салт-дәстүр – ұлт болуымыз үшін қажет, -дейді. Жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу. Постиндустриалды қоғам жағдайында экономикалық қатынастар екінші орынға ысырылып, шешуші рөлде сарапшылар ойнай бастайды, яғни алдыңғы орынға “білім өндіру” процесі шығады. Осыдан келіп, үстемдік “білімді игі-жақсыларға” – қоғамдағы ең лайықты адамдарға тиесілі болуы керек деген қорытынды шығады. Д.Беллдың пікірінше, меритократтар – ол “өз саласында ең мықты деп танылған”, “қайран қалуға тұрарлық”, бедел мен сыйға әбден лайықты адамдар. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді деген соның дәлелі.«Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі» деп санайтынын жеткізді.
Гимназия оқытушысы Мырзағали Абай «Елбасымыз бүкіл рухани мәдениетіміз бен ұлттық санамыздың сапасын дүниежүзілік бәсекелестік ауанында өмір сүре алатындығы ұлтымыздың білім сапасына байланысты болатынына екпін беріп, мақаланың бір тарауын білімге арнаған. Таяу болашақта білім аясы латын әліпбиіне көшуімізбен тікелей байланысты болатындығына маңыз беріліп, оның тарихы сарапталып, болашақ атқарылар міндеттерге мән беріліп отыр. Бұл жөнінде елбасымыз: «Біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек. Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес. Жыл аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет», делінген. Сондай-ақ, жаңа әліпбиге көшуде «белгілі бір уақыт кириллица алфавиті қолданыла тұрады» деп маңызды істің эволюциялық жолмен, яғни бірте-бірте атқарылатыны да ескертілген және бүкіл қазақ қауымы латыншаға көшуді қолдауымыз қажеттігін айтса, әріптесі Жеткіншек Меңдіғали «Латын әліпбиін таңдауымыз – ғаламдық процестерге белсене араласуға ұмтылысымыздан туындаған қажеттілік. Көршілес елдер, түрік әлемі латын әліпбиімен сусындап, өрісін кеңейтіп отыр. Оның әлем мойындаған ағылшын тілімен үндестігін де назарға алуымыз қажет дейді.
«Мемлекет басшысы өз мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Елбасымыз бұл бағытта «біріншіден, білім саласында өлкетану жұмыстарын жүргізу» керектігін айтты. Мұның ішіне, елдің экологиясы, тау мен тасы, шежірелі даланың аңыз-әпсаналары енеді. Менің баяндамамда келтірілген тарихи деректер архивтен алынған өз зерттеулерім, еш жерде жарияланбаған материалдар. Мұнда, 1894 жылы Бартольд Талас аңғарларының солтүстік-батысын тексере отырып, Шөлтөбе, Түймекент, Оххум, Ақыртас қалаларын тапты. Ол Ақыртаспен байланысты Алаңғасыр батыр туралы аңызды бейнелейді. Бартольд 1894 жылдың өзінде көптеген Шу аңғарларындағы үйінділерді көріп шықты және Құлан, Мерке, Шалдавар, Қарабалта, Соқылық Новониколаевск, Ключевск,Төлек, Ашпара, Ақ-Бешім, Шіш-төбе, Бурана қалаларын қысқаша бейнелеп, «есеп» шығарып, жазды.Ол тағы Қайыңды, Краснореченск,Степнинск, Қыр-Жығаш қалаларын атап өтті. Туған жердің тарихи ескерткіштері мен нысандарын қалпына келтіріп, осының барлығын ұрпақтың бойына сіңіру қажет» дейді Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжінің оқытушысы Мамаева Жантолы Мұхтарқызы тарихи орындар мен ескерткіштердің рухани жаңғырудағы рөлін айта келіп.
Оқытушы Гүлсім Құсайынова Жаһандық бәсекеге қабілетті жеке тұлға қалыптастыру мемлекеттің алдында тұрған кезек күттірмейтін мңызды іс. Бұл іске бүкіл адамзат болып жұмыла кірісу керек. Қай кезеңде, қай заманда болмасын мектептегі басты тұлға-мұғалім десек, дүниежүзілік даму деңгейінен кем түспейтін, алған білімі мен тәрбиесін туған еліне, адамзат үшін жұмсай алатын, оған үлес қосатын мұғалімге жүктелер міндет аса жауапты екені белгілі.
Халқымыздың ардақты азаматтарының бірі Міржақып Дулатов: «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда.Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарқын жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні – қараң, келешегі – тұман», – деп білімнің маңызын атап көрсеткен, дей келе, Адам бойындағы барлық саналы қасиеттер тіл арқылы дамиды.»Тіл қаруы – сөз, сөз қаруы – ой.Ақылды ой, алғыр сөз – адамның ең жоғарғы қасиеті»,-деп ғұлама жазушы Ғабиден Мұстафин айтқандай, білім де, ғылым да, мәдениет те тіл арқылы беріледі
Жаңашыл бағытта жас жеткіншектерді оқыту мен тәрбиелеу саласында бар күш-жігерімізді аямайық дегім келеді. Жалпы қазақ халқын, әріптестерімді туған жер, туған ел Отан үшін еңбек етуге шақырамын.
Халықтан тумай,туады кімнен алыптар,
Сенсеңіз егер, сенуге татыр халық бар.
Бүгінгі мен тарихтағы орны бір емес,
Болашақ өзі бағасын берер, анықтар – деп ақын Қадыр Мырзалиев жырлағандай,Ұлы Қазақ даласының мәдениетті ұрпақтары жасай берсін!» – деп сөзін аяқтады.
Қазақстан Жазушылары кітапханасының меңгерушісі Елена Ағайса конференцияға қатысушылардың көпшілігі оқытушылар екенін ескере отырып, оларға қарата «Кітап оқу, білімділік культін қоғамда дәріптеу – рухани жаңғырудың жолы. Біз кітап оқитын ұлтқа айналсақ дамуымыз үдей түсетіні белгілі. Ол үшін мектептен бастап, университеттерде жастарды жаппай кітап оқуға баулудың маңызы зор. Аударылып дайындалған 100 оқулықтың бәрі сол оқырмандардың алдынан табылуы тиіс» дегенді айтса, жазушы Ораз Қауғабай, Елбасы мақаласының маңыздылығына тоқтала келіп, жастарға тұлғаларды үлгі ете отырып тәрбиелеу керектігін, бұл орайда Дінмұхаммед Қонаев тұлғасының үлгі етуге барлық сипаты келетінін айтты.
Конференцияға қатысушылар келелі пікірлері мен салмақты ойларын ортаға салып, бірауыздан конференция Қарарын қабылдады.
Інжу Сағидолла