ҮЕҰ өкілдеріне гранттық қаржыландырудың жаңа тетіктері түсіндірілді

Жарияланған күні: 10.01.2023


Бүгін онлайн-кездесу аясында 80 үкіметтік емес ұйым өкілдеріне мемлекеттік гранттық қаржыландырудың жаңа тетіктері түсіндірілді.

Азаматтық қоғам белсенділеріне мемлекеттік гранттарды қалыптастыру, беру, мониторингтеу және олардың тиімділігін бағалау тәртібі туралы егжей-тегжейлі айтылды.

Кездесу аясында Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы Басқармасы төрағасының орынбасары Еркен Рашидов 2023 жылы гранттарды халықтың қажеттіліктеріне бағдарлауға мүмкіндік беретін өзекті бағыттар бойынша гранттарды жоспарлаудың жаңа форматы енгізілгенін атап өтті.

Бұл тетік үкіметтік емес ұйымдардың өздері проблеманы нақты шеше отырып, гранттық жобалардың тақырыптарын ұсынған кезде «төменнен жоғарыға» тәсілін енгізуге мүмкіндік береді. Бұл қоғамдық бастамалардың қолда бар күн тәртібіне икемділік пен жедел ден қоюды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Биыл градуирленген гранттар жүйесі енгізіледі. Бұл қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді жобалар. Гранттың түріне қарай қаржыландыру көлеміне, іске асыру мерзімдеріне, ҮЕҰ үшін конкурсқа қатысу шарттарына, есептілікке қойылатын әртүрлі талаптар айқындалатын болады», – деп хабарлады Еркен Рашидов.

Іс-шара соңында ҮЕҰ өкілдері барлық сұрақтарға жауап алды.