Жарияланған күні: 23.02.2022
Қостанай облысына қарасты Сарыкөл кентіндегі ерекше бөлме Надежда Полищуктың бастамасының және ерекше балалардың ата-аналарының өз сәбиі үшін жақсы жағдай жасауға деген ниетінің арқасында пайда болды. Бастамашыл топтың сенсорлық интеграция кабинетін ұйымдастыруға қатысты идеясының жүзеге асатындығына еш күмән болған жоқ.
Надежда Полищук «Өмір» мүгедектер мен мүгедек балалардың аналары қоғамы» қоғамдық бірлестігін басқарады. 2021 жылы қоғамдық бірлестік мемлекеттік гранттың иегері атанған болатын. Әлеуметтік маңызы бар жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
Надежда Полищуктың айтуынша, мұндай жаттығулар балалардың психоэмоционалды жағдайын жақсартып, айналадағы оқиғаларды қабылдауға оң әсер етеді.
«Гранттық қаражат «құрғақ бассейн» мен ауа көпіршігі панелін, массажға арналған арнайы орындықтарды сатып алуға жұмсалды. Бізге ерекше балалар келеді. Мен оларды мүгедек деп атағым келмейді, өйткені бұл жүрекке өте ауыр тиеді. Біз балаларға барынша жайлы жағдай жасауға тырыстық», – дейді Надежда Полищук.
Қоғамдық бірлестіктің басшысы мүгедектігі бар адамдардың проблемаларымен бұрыннан айналысып келеді. Он бес жыл бұрын Надежда Полищук инсульт алған болатын. Кейіпкеріміздің айтуынша, осы жағдай оның өмірін түбегейлі өзгерткен.
«Инсульттен кейін мен бірнеше ай бойы ессіз, тіл қатпай, қозғалыссыз жаттым. Дәрігерлер мені өмірге қайтарған кезде, мен басқа адамдарға да көмектесу үшін тірі қалғанымды түсіндім. Мен ерекше балалар мен олардың аналарына көмектесемін деп шештім», – деді Надежда Полищук.
Жоба жетекшісінің айтуынша, гранттық қаражатсыз бастамашыл топқа жобаны жүзеге асыру қиынға соғар еді. Сенсорлық бөлме балаларды оңалтуға, олардың дамуына көмектесетін қондырғымен жабдықталған. Осылайша, «құрғақ бассейн» бұлшықет тонусын едәуір төмендетіп, балаларды сергітеді, жүйке жүйесін босаңсытады.
«Ерекше балалар төрт қабырғада отырмауы керек. Олар шығып, сөйлесуге, басқа балалармен ойнауға мүмкіндігі болуы керек. Мұндай қарым-қатынас ата-аналарға қажет. Балалар өздерін жақсы сезінуі тиіс», – деп түйіндеді Надежда Полищук.