Сарапшылар ҮЕҰ-ны гранттық қаржыландыру саласындағы мемлекеттік тілдің рөлін талқылады

Жарияланған күні: 19.01.2022


2021 жылдың қорытындыларына сәйкес 51 жобаны жүзеге асыруда қазақ тілін қолданудың 50 пайыздық үлесі қамтамасыз етілді, деп хабарлады Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.
Бүгін Азаматтық бастамаларды қолдау орталығында ҮЕҰ өкілдерінің, сарапшылардың, сондай-ақ қоғам белсенділерінің қатысуымен ҮЕҰ-ны гранттық қаржыландыру саласында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту тақырыбына арналған онлайн-конференция өтті.
Кездесу барысында Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының Басқарма төрайымы Лима Диас мемлекеттік тілді насихаттау бағытында 2021 жылы атқарылған жұмыстар туралы айтып берді.
«2021 жылдың қорытындыларына сәйкес 51 жоба бойынша қазақ тілін қолданудың 50 пайыздық үлесі қамтамасыз етілді. Осы ретте барлық құжаттар екі тілде әзірленіп, бекітілді. Өткен жылы «ҮЕҰ Академиясы» жобасы аясында біз мемлекеттік тілде 8 оқу-әдістемелік кешен, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту тақырыбында 5 оқу құралын әзірледік», – деп атап өтті Лима Диас.
Барлық материалдар арнайы әзірленген мобильді қосымшада екі тілде қолжетімді. Аталмыш жоба аясында ҮЕҰ өкілдері қатарынан 42 жаттықтырушы дайындалды. Оның 27-сі – қазақ тілді жаттықтырушылар.
Бұдан бөлек, 2021 жылы Орталық сарапшыларының тізімінде 54 маман бар. Оның 35-і – қазақ тілді сарапшылар.
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басшысы сарапшылардың қазақ тілін ілгерілетудің жаңа тәсілдерін жиі талқылайтынын атап өтті. ҮЕҰ өкілдері мен белсенді азаматтар ҮЕҰ-ға арналған қазақ тіліндегі оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеуге, қазақтілді жаттықтырушыларды, ҮЕҰ-ның оқытушыларын даярлауға, екі тілді еркін меңгерген сарапшылар санын арттыруға, сарапшылардың төлемін қайта қарауға, қазақтілді азаматтық қоғам институттарының әлеуетін нығайту жөніндегі арнайы бағдарламаны әзірлеуге қатысты ұсыныстарды түсіретін көрінеді.
Іс-шара соңында қатысушылар пікір алмасып, ҮЕҰ-ны гранттық қаржыландыру саласында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге қатысты бірқатар ұсынысын енгізді.