Қоғамдық кеңестердің дамуы ҚАА-ның «Қоғамдық кеңес» алаңында талқыланды

Жарияланған күні: 21.04.2023


Әлеуметтік жобаны іске асыру аясында «Қоғамдық кеңес» диалог алаңы өтті. Қазақстанда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша «Қоғамдық кеңестер институтын дамыту» әлеуметтік жобасы жүзеге асырыла бастады.

Бүгін жоба аясында «Қоғамдық кеңес» диалог алаңы өтті, іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Гүлбара Сұлтанова, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының Басқарма төрағасы Әлия Оспанова, барлық деңгейдегі қоғамдық кеңестердің мүшелері, сарапшылар қатысты. Жобаның ұйымдастырушысы Қазақстанның Азаматтық Альянсы атанды.

Әлия Оспанованың айтуынша, қоғамдық кеңестер институты азаматтық қоғам өкілдерін өз пікірлерін білдіру және проблемаларды шешу үшін біріктіретін орынға айналды.

«Бұл жобаның негізгі мақсаты – барлық деңгейдегі Қоғамдық кеңес мүшелерінің құзыреттілігі мен әлеуетін арттыруға бағытталған оқыту іс-шараларын ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізу арқылы Қоғамдық кеңес мүшелерінің әлеуетін арттыру. Kazkenes.kz интернет порталының танымалдығын арттыру, азаматтардың қоғамдық кеңестердің қызметінен хабардар болуын арттыруда оның мүмкіндіктерін пайдалану», – деп атап өтті Әлия Оспанова.

Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, «Қоғамдық кеңес» диалог алаңының басты міндеттерінің бірі – түрлі деңгейдегі қоғамдық кеңестер арасындағы әріптестік қатынасты және коммуникацияларды нығайту.

«Бүгін қоғамдық кеңестер – азаматтық қоғамның басты институттары. Жоба аясында үлкен жұмыс жоспарлануда. Ең алдымен, қоғамдық кеңестердің тиімділігін арттыруға бар күшімізді жұмсайтын боламыз», – деп атап өтті Қазақстанның Азаматтық Альянсының төрағасы Бану Нұрғазиева.

Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, қоғам белсенділері жоба жұмысын үш бағыт бойынша жүргізеді: белсенді ақпараттық сүйемелдеу, қоғамдық кеңес мүшелерін оқыту және диалог алаңдарын ұйымдастыру.
Жалпы, «Қоғамдық кеңестер институтын дамыту» жобасы 2024 жылдың соңына дейін жалғасатын болады.