Елімізде азаматтық бастамаларды қолдау және дамыту мәселелері бұған дейін де аз айтылған жоқ еді. Әлі де айтылып жатыр. Мемлекетімізді алға бастыратын айқын қадамдарға ең алдымен осындай бастамалар қозғау болатыны анық. Осыған байланысты Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, бұл бағытта атқарылып жатқан бірқатар жұмыс сараланды.
Журналистермен жүздесуге Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов, Парламент Мәжілісінің депутаты Вера Ким және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» басқармасының төрайымы Лима Диас келді. Спикерлер мемлекет пен үкіметтік емес сектор арасындағы диалогты жетілдіру шаралары, волонтерлік және қайырымдылық қызметті дамыту, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру және гранттық қаржыландыру мәселелері бойынша заңнамаға әзірленетін түзетулер туралы баяндады. Болат Тлепов өз сөзінде министрлік тарапынан мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Оның айтуынша, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде үкіметтік емес ұйымдар саны 100-ден 22 мыңға дейін артты және олар әлеуметтік маңызы зор мәселелерді шешуде дәл қазір-ақ мемлекетке сенімді серіктес болуға даяр. Орталық Азиядағы мұндай ұйымдар ең көп тіркелген ел – Қазақстан. Сондай-ақ Б.Тлепов 2021 жылдың басынан Қоғамдық кеңестер туралы қолданыстағы заңнамаға түзетулер күшіне енгенін еске салды.
– Осы жылдан бастап елімізде жұмыс істеп жатқан 237 және оған қосымша құрылатын 13 Қоғамдық кеңестің өкілеттілігін едәуір арттыратын заңнамалық өзгерістер күшіне енді. Атап айтсақ ендігі жерде қоғамдық кеңестердің 70%-дан кем емес құрамы, байқау арқылы сайланатын, үкіметтік емес ұйым өкілдерінен тұратын болады, – деді вице-министр.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, қоғамдық кеңестердің сапалық және сандық құрамын қалыптастыру, қоғамдық кеңестердің өкілеттіктерін, құқықтары мен міндеттерін кеңейту, сондай-ақ қоғамдық бақылау нысандарын регламенттеу жөніндегі шаралар көзделеді. Осылайша, вице-министр заңды іске асыру үшін министрлік «Қоғамдық кеңес туралы» үлгілік ережені және қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын әзірлеп, бекіткенін айтты.
Еске сала кетсек, қоғамдық кеңестер саласындағы негізгі жаңалықтардың бірі квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қоғамдық кеңестер құру болып табылады. Қазіргі уақытта министрлік квазимемлекеттік сектордың 13 ұйымында қоғамдық кеңестер құру бойынша әдістемелік жұмыс жүргізуде. Б.Тлеповтің айтуынша, бұл олардың қызметінің қоғамға ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысына жыл сайынғы негізде қабылданған түзетулерді ескере отырып, қоғамдық кеңестердің қызметі туралы Ұлттық баяндама енгізілетін болады.
Сонымен қатар брифинг барысында спикерлер Мемлекет басшысы бастамашылық еткен Волонтер жылы аясында және басқа да жүйелі шаралардың арқасында еліміздің барлық өңірінде волонтерлік ұйымдардың да, волонтерлердің де өсу қарқыны байқалатынын атап өтті. Мысалы, волонтерлік ұйымдардың саны 3 есеге, ал тұрақты волонтерлер 4 есеге өсті. Бүгінде Қазақстанда 600 волонтерлік ұйым жұмыс істейді, оларға 200 мың белсенді азамат тартылған.
Брифинг барысында министрліктің қоғам өкілдерімен бірлесіп волонтерлік және қайырымдылық қызметті одан әрі дамыту үшін қолданыстағы заңнамаға бірқатар түзетулер әзірлегені атап өтілді.