Жарияланған күні: 16.07.2021
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарына мониторинг жүргізіледі
2021 жылдың 1 тамызынан бастап «Тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер институты» қоғамдық қорының сарапшылар тобы «Дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессорлармен жұмыс істеу жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру» әлеуметтік жобасы аясында еліміздің 17 өңірінде баспаналарға мониторинг жүргізуге кіріседі.
Мониторинг барысында ұйымдастырушылар тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары үшін қазақстандық баспаналардың, дағдарыс орталықтарының жұмыс моделі қаншалықты тиімді, олардың қауіпсіздік жүйесі ойластырылған ба, зардап шеккендер қандай көмек алады деген сұрақтарға жауап беруі керек.
Бұған дейін Қор, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлар мен ювеналды полиция, учаскелік полиция инспекторлары, дағдарыс орталықтары, баспаналардың заңгерлері мен психологтары үшін онлайн тренингтер өткізген болатын. Жалпы шараға 400-ден астам адам қатысты.
«Мониторингтің мақсаты-баспаналарда, дағдарыс орталықтарында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнайы қызмет көрсету стандарты бойынша олардың қаншалықты жұмыс істеп жатқанын көру», – дейді «Қазақстанның тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер институты» ҚҚ президенті Маргарита Өскембаева. – «Әрине, біз көрсетілетін қызметтердің сапасына баса назар аударамыз. Ол үшін біз вебинарлар мен тренингтер өткіздік. Олардың негізгі мақсаты дағдарыс орталықтары мамандарының білімі мен іскерлігін арттыру, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнайы қызмет көрсетуде кейс-менеджмент технологиясын қолдануды үйрету болды».
«Fem Agora» феминистік бастамасының негізін қалаушы, мониторингтік топтың өкілі Лейла Махмудованың айтуынша, халықаралық құқық қорғау қауымдастығы дағдарыс орталықтарына, зорлық-зомбылықтан аман қалғандарға арналған қызметтерге қол жеткізу азаматтарға мемлекет ұсынатын өмірлік маңызды қызметтерге жатады деп санайды.
«Өкінішке орай, мұндай орталықтардың бар екені туралы зардап шеккендердің аз бөлігі ғана біледі», – дейді Л.Махмудова.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес 2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша елде 29 баспана мен дағдарыс орталығы жұмыс істеген.
«Бірнеше ай ішінде олардың саны одан да көп болды – қызметтерді мемлекеттік органдар ғана емес, барлық өңірлердегі мемлекеттік тапсырыс аясында ҮЕҰ да ұсынады. Баспанаға және зардап шеккендерге жан – жақты көмек көрсету қажеттілігі жоғары», – деп хабарлайды Қор.
Қазақстандағы БҰҰ агенттіктері жүргізген жедел бағалау нәтижелері бойынша, өзін-өзі оқшаулаудың салдарынан үйдегі тирания жағдайлары 50% – дан астам жиілеп кетті. 2020 жылы 8 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 79 мыңға жуығына қорғау нұсқамасы берілді.
Естеріңізге сала кетейік, жобаны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «Қазақстанның тең құқықтары мен тең мүмкіндіктері институты» ҚҚ жүзеге асырады.
“Тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер институты” ҚҚ байланыстары: жоба үйлестірушісі Татьяна Резвушкина, моб. +7(701)484-33-63, e-mail: rezvushkina_t78@mail.ru.