Жарияланған күні: 04.10.2021
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілеповтың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында республикалық және аймақтық қоғамдық кеңестердің қызметін насихаттайтын Kazkenes.kz бірыңғай порталы таныстырылды. Алаң сондай-ақ халықпен кері байланыс құралы қызметін атқарады, деп хабарлайды Мемлекеттік бағдарламалардың бірыңғай порталы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаевтың айтуынша, бірыңғай портал қоғамдық кеңестерге олардың қызметінің айқындылығын, есептілігін және ашықтығын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
«Таяуда Kazkenes.kz порталы өз жұмысын бастайды және қоғамның ауқымды бөлігіне отырыстардың хаттамаларын, түрлі деңгейде қарастырылатын мәселелерді көруге мүмкіндік береді. Бұл порталды толығымен толтыру, хатшылардың өздерінің және қоғамдық кеңестер мүшелерінің белсенділігіне байланысты болмақ. Қоғамдық кеңестің алдында тұрған үлкен сын – олардың айқындылығын, есептілігін және ашықтығын арттыру. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік институт қызметі заңнамалық тұрғыда сенімді қамтамасыз етіліп отыр», – деп атап өтті Рахым Ошақбаев.
Kazkenes.kz бірыңғай порталында республикалық,облыстық, қалалық, аудандық қоғамдық кеңестердің, квазимемлкеттік сектор қоғамдық кеңестерінің құрамы жөнінде ақпарат көрсетілді. Сондай-ақ мұнда БАҚ-та жарияланған жаңалықтармен танысуға, ҚК қызметі жөнінде жиі қойылатын сұрақтарға жауап алуға болады. «Құжаттар» бөлімінде қолжетімді түрде барлық аналитикалық және әдістемелік материалдар, бұйрықтар, заңнамалық актілер жинақталған. Одан бөлек, Kazkenes.kz бірыңғай порталында халықпен кері байланыс орнатудың бірнеше түрі қарастырылған.
Қоғамдық кеңестердің халықпен кері байланыс орнататын Kazkenes.kz бірыңғай портылының жұмысы ҚК институтын дамытуға бағытталған жобаны жүзеге асыру шеңберінде іске қосылып отыр. Жобаны Азаматтық бастамалар орталығының қаржылық қолдауымен «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығы іске асырады. Тапсырыс беруші Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.