Жарияланған күні: 01.10.2021
Қазақстанда егде адамдар мен ерекше қажеттілігі бар тұлғаларға ұзақ уақыт бойы күтім жасау жүйесінің әдістемесі әзірленіп жатыр
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қаржылай қолдауымен Қазақстанда волонтерлерді қарттар үйіне, халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің әлеуметтік қамсыздандыру оратлықтарына тарту бойынша «Birgemiz: Qamqor» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Оның шеңберінде жыл соңына дейін республикада егде адамдар мен ерекше қажеттілігі бар тұлғаларға ұзақ уақыт бойы күтім жасау жүйесінің әдістемесі әзірленеді.
«Мархабат.KZ» мүгедектер қоғамы» ЗТБ төрағасы Дарын Сағдолдиннің айтуынша, жасалған әдістеме Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тапсырылады.
«Бүгін біз Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарда, оның ішінде қарттар үйінде егде адамдарға ұзақ мерзімді күтім жасау жүйесінің моделін енгізуге бағытталған жобаны іске асырып жатырмыз. Осы мақсатта біз еліміздің барлық 34 қарттар үйін аралап, әлеуметтік зерттеу жүргіздік. Зерттеуіміздің негізінде бүгін біз қарттар мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға күтім көрсету сапасын жақсарту әдістемесін жасап жатырмыз. Дәрі-дәрмекпен, азық-түлікпен қамтамасыз ету, тұрмыстық жағдай сияқты барлық сәттерді ескердік. Мысалы, пандемия кезінде дәрі-дәрмекті қамтамасыз ету жағынан проблемалар болды. Келешекте мұндай жағдайлар қайталанбас үшін әзірленген әдістемеде біз оларды шешудің жолдарын қарастырамыз. Аталған әдістемені әрі қарай жұмыс істеу үшін біз Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне береміз. Оның тұсаукесерін 2021 жылдың соңында өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Сонымен қатар, «Birgemiz: Qamqor» жалпыұлттық жобасы қарттар үйлеріне, халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына волонтерлерді тарту жөніндегі әлеуметтік қорғау басқармаларымен 5 меморандумға қол қоюды, қарттар үшін мәдени-демалыс іс-шараларын өткізуді көздейді. Мәселен, бүгін елордада жалпыұлттық жоба аясында «Қарттарға қуаныш сыйла» республикалық акциясы басталды. Іс-шара барысында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұратын аға буын өкілдерінің назарына отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт ұсынылды. Сондай-ақ акция демеушілерінің сыйлықтары табыс етілді.
«Мархабат.KZ» мүгедектер қоғамы» ЗТБ төрағасы Дарын Сағдолдин атап өткендей, акция бір ай бойы жалғасады.
«Біздің акциямыз Халықаралық қарттар күніне орай басталды. Біз бұл акцияны «Хабар Агенттігі» АҚ пен «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ-мен бірлесіп өткізіп жатырмыз. Ол 1 қарашаға дейін жалғасады. Оның шеңберінде мәдени-демалыс іс-шараларымен еліміздің барлық өңірі мен қаласының қарттар үйлерінің қамқорлығындағы балалар қамтылады. Осындай 40-қа жуық іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Республикалық акцияны Шығыс Қазақстан облысында қорытындылаймыз», – деді Дарын Сағдолдин.
Айта кетейік, «Birgemiz: Qamqor» жалпыұлттық жобасын жүзеге асыруға 1000-ға тарта волонтер тартылады.