Қазақстанда агрессорлармен жұмыс істеу жөніндегі әдістемелік құралдар әзірленеді

Жарияланған күні: 15.05.2023


Отбасыдағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған жоба аясында қоғам белсенділері агрессияны басқару дағдыларын қалыптастыру және агрессиялық мінез-құлықты түзету  жөніндегі консультациялық кабинетті ұйымдастыру бойынша екі әдістемелік құралды басып шығарады. Дағдарыс орталықтарының қызметкерлері мен тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне бей-жай қарамайтын азаматтарға арналған нұсқаулықтар жыл соңында шығарылады, деп хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.
«Женский луч» қоғамдық бірлестігі Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының алаңында «Дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессорлармен жұмыс жөніндегі іс-шаралар кешені» жобасын таныстырды. Орта мерзімді гранттық жоба Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының, сондай-ақ Астана қаласының аумағында іске асырылатын болады.
Жоба шеңберінде дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру және агрессорлармен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі республикалық жобалық кеңсе жұмысын бастайды деп күтілуде. Мұнда дағдарыс орталықтарының қызметкерлеріне, әйелдерді тұрмыстық зорлық – зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторларға, учаскелік инспекторларға арналған құзыреттілікті арттыру жөніндегі психологиялық онлайн-тренингтер өткізілмек. Ал агрессорлар орталықта психолог, заңгер, әлеуметтік қызметкердің консультацияларын ала алады.
Сонымен қатар, жоба аясында әдістемелік құралдар әзірленбек.
«Бұл тақырыпта білім беру тренингтерін өткізу немесе сөз қозғау маңызды болса, ал шаралар алгоритмін бекіту – үлкен құндылық.
Онлайн-тренингтер аяқталған соң біз екі әдістемелік құралды әзірлейміз. Біріншісі агрессияны бақылау дағдыларын қалыптастыру, екіншісі агрессиялық мінез-құлықты түзету жөнінлегі кеңес беру кабинетін ұйымдастыру тақырыптарына арналады. Егер бірінші нұсқаулықта агрессорлармен жұмыс істейтін мамандардың барлығына арналған бірқатар практикалық және әдіснамалық нұсқаулықтар жиналса, екінші құралда дағдарыс орталықтарын ашу, оның қызметін ұйымдастырудың техникалық және практикалық жолдары біріктіріледі», – дейді жоба жетекшісі Оксана Волкова-Михальская.
Оның айтуынша, әдістемелік нұсқаулықтарды дағдарыс орталықтары келесі жылдан қолдана бастайды.
«Нұсқаулықтарды әзірлеуге гендерлік саясат, агрессорлармен жұмыс жөніндегі сарапшылар, сондай-ақ Әлеуметтік және гендерлік зерттеулер ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері тартылатын болады.
Әдістемелік құралдар 2023 жылдың соңында басылып шығарылады. Ал 2024 жылдан бастап біз әзірленген әдістемені қолдана бастаймыз.
Бүгінгі таңда дағдарыс орталықтарында кадрлар жиі ауысып тұрады. Агрессорлармен жұмыс істейтін инспекторлар құрамы да кеңеюде. Сондықтан мұндай әдістемелік құралдарды шығару әр өңірде өте қажет деп санаймыз. Полиция департаменттері мен дағдарыс орталықтары арқылы нұсқаулықтарды барлық облыстардағы дағдарыс орталықтарына тарататын боламыз», – деп атап өтті жоба жетекшісі.
Агрессорлармен жұмыс жөніндегі әдістемелік құралдардың жалпы таралымы 100 дананы құрайды.
«Дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессорлармен жұмыс жөніндегі іс-шаралар кешені» жобасы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша 2024 жылдың соңына дейін іске асырылады.
Жоба операторы – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы.