Психологтар мен заңгерлер Қазақстанның аймақтарында отбасылық агрессорлармен тегін жұмыс істейді

Жарияланған күні: 12.07.2024


Соңғы екі жылдан бері психологтар мен заңгерлер Қазақстанның бес өңірінде отбасылық әлімжеттік жасайтын ерлермен тегін жұмыс істеуде. Бұл Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша мемлекеттік гранттардың Бірыңғай операторының гранттық қолдауының арқасында мүмкін болды.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының төрағасы Лима Диастың айтуынша, «Әйелдер сәулесі» қоғамдық бірлестігі жүзеге асыратын әйелдеріне қол көтеретіндермен жұмыс жөніндегі жоба айтарлықтай нәтиже көрсетті.

«Белсенділердің отбасылық әлімжеттік жасайтын ерлерге тегін психологиялық және заңгерлік көмек көрсету бастамасы қоқан-лоқы мәселесіне деген кешенді көзқарастың көптеген адамдардың өміріне оң өзгерісәкелетінін көрсетеді», – дейді Лима Диас.

Өткен жылы мамандар 400-ден астам консультация өткізсе, ал биыл 150-ден астам кеңес берілген. Бұл консультациялар Астана қаласында, сондай-ақ Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында өтеді. Агрессорлармен кездесулер уақытша ұстау изоляторларының, Ішкі істер департаменттерінің аумағында және консультациялық кабинеттерде ұйымдастырылады.

Психологиялық және педагогикалық ғылымдарының магистрі Әлия Шәріпова агрессорлармен жұмыс істеу тәсілі туралы өз пікірімен бөлісті:

«Біз осындай жұмыс жүргізіліп жатқан басқа елдердің тәжірибесін салыстырдық. Нәтижесінде біз агрессорды қабылдау, талқыламау, сынамау, бірақ оның ішінде мәселені шешуге көмектесу керек деген ортақ пікірге келдік. Оларға балама шешім жолын көрсетіп, әрекеттерінің отбасы мүшелеріне қауіпті екенін мойындауға көмектесу қажет», – дейді психолог маман.

Агрессорлармен жұмыс ерікті негізде жүргізіледі. Кейбіреулер психологпен сөйлесуден бас тартса, ал басқалары келіседі. Жоба психологтарының айтуынша, отбасылық әлімжеттік жасайтындар өздерінің қателіктерін мойындап, өкініш білдіріп, тіпті, көз жасын төгетін жағдайлар болған. Мұндай ер адамдар ұзақ уақыт бойы ешкіммен шынайы ашықтықпен сөйлесіп, іштеріндегі мұңдарын айтпағандарын мойындады. Көбісі психологпен одан әрі жұмыс істеуге келісті, бұл ұзақ мерзімді процесті болжайды.

Жоба психологтары ерлерді ашудың өршуін бақылауға үйретеді. Сондай-ақ, ашу кезіндегі эмоцияларды сындарлы бағытқа қалай бағыттау керектігін және жанжалдың алдын алу үшін серіктеспен диалогты қалай құру керектігін айтады. Бұл жұмыс айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді және Қазақстандағы көптеген отбасыларға оң әсерін тигізуде.

Агрессорларды қолдау, оларды қабылдау және ішкі қақтығыстарды шешуге көмектесу қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету жолындағы маңызды қадам болып табылады.