Павлодар облысындағы ауылдардың 1000-нан астам тұрғыны әлеуметтік жобалардың игілігін көріп отыр

Жарияланған күні: 18.11.2020


«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранттық қаржыландыруы бойынша іске асырылатын 116 әлеуметтік жоба аясында тағы 834 шағын грант іске асырылуда. Яғни, еліміздің барлық түкпір-түкпірінде мемлекет үкіметтік емес ұйымдар арқылы азаматтық бастамаларды іске асыруға көмектеседі. Олар нақты мәселелерге бағытталғандықтан болар, шағын гранттарды іске асырудың нәтижесі айқын көрініс табуда. Көмекті нақты адамдар алып жатыр.

– Осы жобалар туралы БАҚ-тағы жарияланымдарды оқығанымда көңілім көтеріліп қалады. Жақында «Павлодар облысының азаматтық альянсы» қауымдастығы» ЗТБ-ның «Павлодар облысындағы ауылдық ҮЕҰ әлеуетін арттыру» жобасы аясында іске асырып жатқан шағын жобалары туралы БАҚ-та көп жарияланды, – деп жазды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы Басқармасының төрайымы Бәтима Мукина өзінің фейсбук желісіндегі парақшасында.

10 ұйым 500 000 теңге көлемінде шағын гранттар алды, Павлодар облысы ауылдарының 1000-нан астам тұрғыны әлеуметтік жобалардың игілігін көріп отыр.

Ауыл тұрғындары Павлодар ауылында спорт залын қалпына келтіріп, Новочерноярка ауылында қарт адамдар үшін “Компьютерлік ликбез” курсын ұйымдастырды, бұрынғы Даниловка ауылының маңында қоғамдық көгалдандыру орталығын құрды, Павлодар ауданы Ефремовка ауылында Қарт адамдар үшін ұзақ өмір сүру орталығын ашты.

Шарбақты ауданы Шалдай кентінің “Достар Экогрупп” бастамашыл тобы грантты көшеде волейбол алаңын салуға пайдаланды.

Новочерноярка ауылында компьютерлік сауаттылық орталығы ашылды, Даниловка маңында қоғамдық көгалдандыру орталығы ашылды, Ленинский кентінде пластикті пайдалануды қысқарту және бір реттік полиэтилен пакеттерді ауыстыру үшін көп реттік сөмкелерді қолданысқа енгізу бойынша қозғалыс іске қосылды, Ақтоғай ауданында балаларды дамыту жиһаздарын өндіру бойынша “Световая песочница” цехі ашылды және т.б.

Бұл жобалар өте шағын болып көрінуі мүмкін, дегенмен олардың әсері нақты, әрі қомақты. Пандемия барлық жағдайда кері әсерін тигізетіні сөзсіз, дегенмен ол әлеуметтік желілер арқылы тек үкіметтік емес ұйымдардың ғана емес, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының да жұмысын жандандыруға ықпал етті.

– Коронавирустық пандемия кезінде біз бәріміз онлайн режимінде, тікелей эфирде жұмыс істеуді үйрендік. Егер бұрын ҮЕҰ белгілі бір іс-шараға 50-100 адам жинаса, қазір олар осындай іс-шараларға 500 адамға дейін аудитория жинайды.

Біз ақпараттық қоғамда өмір сүріп жатырмыз және біз өзімізді танымал ете білуіміз керек. Адамдар ҮЕҰ немен айналысатынын білуі тиіс, әлеуметтік жобалар туралы айтуы тиіс, өз ескертпелерін, ұсыныстарын беруі тиіс. Тек осылай ғана қоғаммен бірігуге болады, – деп жазды Бәтима Мукина.