Жарияланған күні: 09.11.2021
Қазақстанның төрт әскерилендірілген оқу орындарында отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру кампаниясы өткізіледі. Алғашқы кездесу Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында өтті. Кездесуге институттың 500 курсанты мен қызметкерлері қатысты. Аталған жұмысты «Дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессорлармен жұмыс бойынша шараларды әзірлеу және іске асыру» әлеуметтік жобасының аясында «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ өткізуде.
– Біз Қазақстанның Қорғаныс министрлігіне ынтымақтастық туралы хат жолдадық, хатымызда ақпараттық-түсіндіру кампаниясын өткізуге ықпал етуді өтіндік – дейді жоба жетекшісі, «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ президенті, балалар психологы Маргарита УСКЕМБАЕВА. – Жауап алғанымызға өте қатты қуандық. Жауап хатта министрдің орынбасары Дарын ТҰЯҚОВ: Қорғаныс министрлігі өзіне қарасты әскери оқу орындарының курсанттары және кадеттерімен кездесулерді ұйымдастыруға ықпал етуге дайын екендігін хабарлаған. Бізге: Алматыда – екеу, Ақтөбеде және Щучинскте біреуден төрт оқу орнының тізімін ұсынды.
– Таңдауыңыздың не себептен әскерилендірілген оқу орындарына түскенін түсіндіріп бересіз бе?
– Өкінішке орай, күшті құрылымдар өкілдері де отбасында зорлық-зомбылық жасайтын үрдіс бар – олар құқық қорғау жүйесінің қызметкерлері, бұрынғы немесе қазіргі уақыттағы әскерилер. Алматы қаласындағы «ARASHA» тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған баспанасының тәжірибесінде өз күйеулерінің – бұрынғы әскерилер, полиция қызметкерлерінің қолынан зорлық-зомбылық көрген әйелдер жүгінген жағдайлар болды.
Біздің мақсатымыз – жас курсанттарға, болашақ отан қорғаушыларға, кәсіби патриоттарға осындай мәселенің бар екенін және ол шешуді талап ететінін жеткізу. Оларды заңнамамен таныстыру, олардың сұрақтарына жауап беру. Өкінішке орай, тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыссыздандырылған және агрессорларға қатысты тек әкімшілік жауапкершілік қана бар. Осы бапты қылмыстыққа ауыстыру қажет. Қазақстанда жыл сайын үй агрессорларының қолынан 400 әйел өледі.
– Курсанттар сұрақ қойды ма?
– Ия, кейбіреулері өте белсенді болды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінде жастарда қандай моральдық-психологиялық қасиеттер қалыптастыру қажет? Осы мәселемен күресте қандай озық халықаралық тәжірибелер бар? Біздің елімізде осы құбылыстың мүлдем болмауы үшін қандай шаралар қабылдау қажет? Отбасында зорлық-зомбылық пайда болуы үшін отбасының материалдық әл-ауқатының деңгейі, ішімдікті пайдалануы әсер етеді ме? деген сұрақтар болды. Мен, гендерлік теңдікке қол жеткізген елдерде, мысалы Скандинавия елдерінде зорлық-зомбылықтың аз екендігі, ал әйелдерді қорғау жүйесі өте жақсы жұмыс жасайтыны туралы айттым. АҚШ-та егер әйел агрессордың аңдып жүргені туралы хабарласа, ол әйелді жедел басқа штатқа көшіреді. Біз әйелдерді күйеулерінің, бірге тұратын адамының аңдуынан қорғай алмаймыз. Бір кездері Алматыдағы баспанаға тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған, екі баласы бар әйел келді. Бірақ, ол баспанада қала алмады және бірнеше күннен кейін шетелге кетті, өйткені ол бұрынғы күйеуі аңдиды және ол мұнда көмек ала алмаймын деп қорықты.
Менен зорлық-зомбылықты жасауға апаратын себептер туралы айтып беруді сұрады. Біз себептің мүлдем болмауы қажет екенін түсінуіміз қажет! Осындай сұрақтың қойылуының өзі біз зорлық-зомбылықты жанама түрде болса да ақтап алатынымызды көрсетеді. Мен тыңдаушыларға әйел адамды қандай жағдайда болмасын ұруға болмайтыны туралы түсіндірдім! Әр отбасында жанжалдар болады, алайда бұл зорлық-зомбылық жасауға, ұруға, қорлауға құқық бермейді. Кикілжіңдерді жұдырықпен емес, басқаша шешу қажет, әрқашан сөйлесуге, психологтың көмегіне жүгінуге болады.
– Қорыта келгенде, Сіздің кездесу нәтижесіне көңіліңіз толды ма?
– Ия! Біз Институт басшылығымен жыл сайын БҰҰ қамқорлығымен бүкіл әлем бойынша 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтетін «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық кампаниясының аясында институт қызметкерлерінің жас отбасылары мен курсанттар үшін тағы бір кеңес беру кездесуін өткізуге келістік. Маған тағы не ұнады? Институтта коронавирустың алдын алу бойынша шаралар өте қатаң сақталады екен. Барлығы маска киіп жүр, барлық жерде санитайзерлер. Мүмкін осыдан шығар, оқу орынында коронавирус жағдайы болмапты.
Жобаны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранттық қаржысына «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ жүзеге асыруда.