Жарияланған күні: 27.04.2023
Лагерьде аутизм спектрінің бұзылуы диагнозы қойылған 60 балаға түзету, оңалту және олардың бос уақытын ұйымдастыруға арналған жағдайлар жасалады деп, хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдауорталығының баспасөз қызметі.
Балалар лагері «Ғажайып балаларға арналған жайдары жаз!» әлеуметтік жобасы аясында құрылады. Жобаны «Ғажайыптар елі» оңалту-дамыту орталығы» ҚБ іске асыруда.
Қоғамдық бірлестіктің негізін қалаушы – Анна Ипатова мен Лилия Мамбурованың өздері аутизмге шалдыққан балаларды тәрбиелеп отыр. Мұнда 4 жыл бойы даму ерекшеліктері бар балаларды тәрбиелеп жатқан отбасыларға қолдау көрсетіліп келеді.
Биыл қоғам белсенділері ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша мемлекеттік гранттың иегері атанды. Мамыр айында жоба аясында Өскеменде аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған жазғы лагерь ашылады.
«Жобаның негізгі мақсаты – жазғы демалыс кезінде түзету-сауықтыру және демалыс іс – шараларын ұйымдастыру арқылы мектепке дейінгі және бастауыш мектеп жасындағы аутизм спектрі бұзылған балалардың әлеуметтену деңгейін жоғарылату», – дейді қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары Лилия Мамбурова.
Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, даму ерекшеліктері бар балалар әлеуметтік тәжірибені кеңейтуді, ересектермен, құрдастарымен қарым-қатынас орнатуды үйренеді.
Сондай-ақ, мұнда аутизм спектрі бұзылған балалардың ата-аналарына арналған тренингтер мен семинарлар өткізіледі. Сабақтарда олар психоэмоционалды күйін қалпына келтіру дағдыларын меңгермек.
Балалармен психолог, дефектолог, логопед сияқты мамандар жұмыс істейді. Сонымен қатар, лагерь жұмысына бес ерікті тартылады деп күтілуде.
Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған жазғы лагерь осы жылғы тамыз айының соңына дейін жұмыс істейді.