Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының 11 ҮЕҰ мен 7 БАҚ «Qolda» жедел көмек көрсетуге грант алды

Жарияланған күні: 24.04.2020


Орталық Азияның Еуразия Қоры «Шеврон» компаниясымен
бірге карантиннің халыққа тигізетін кері әсерін төмендету, қоғамдық және еріктілер
ұйымдарын қолдау, БАҚ арқылы халықты ақпараттандыру мақсатында өткізген «Qolda»
жедел көмек көрсету жобасы шағын гранттар байқауының жеңімпаздарын атады.

Жалпы байқауға халыққа ерікті, гуманитарлық және қайырымдылық көмек көрсететін
үкіметтік емес ұйымдардан және COVID-19 жайлы ақпарат таратумен айналысатын
құралдардан 100-ден аса өтінім түсті. Оларды ҮЕҰ, бизнес, БАҚ және т.б. салаларды
меңгерген 9 сарапшы іріктеді.

Түскен өтінімдер сапасының жоғары екендігін ескеріп, гранттық комитет БАҚ-қа
тағайындалатын гранттар санын 5-тен 7-ге, ал ҮЕҰ-ға тапсырылатын гранттар санын 10-нан
11-ге көбейтті.

Қосымша гранттардың бірін «Qolda» жедел көмек көрсету жобасына қосқан
үлесі ретінде Орталық Азияның Еуразия Қоры бөлді.
Іріктеудің нәтижесінде медициналық қызметкерлерді қолдау, халықтың осал топтары мен
мигранттарға гуманитарлық көмек көрсету, пандемияның салдарымен күреске азаматтық
қоғамды қауіпсіз тарту, жұмыс орындарын ашу, микро- және нано-бизнеске
консультативтік қолдау көрсету бойынша бастамаларға 24 000 000 теңге бөлінді.

Сонымен қатар пандемияның негативті салдары мен позитивті әсері туралы халықты
ақпараттандыру, үкіметтің, қоғамдық ұйымдардың, халық пен бизнестің тарапынан жүзеге
асырылып отырған шараларды дәріптеу, және де мемлекеттік тілде COVID-19
тақырыбындағы сапалы контентін көбейтуге бұқаралық ақпарат құралдарына 10 061 000
теңге бөлінді.

«Бүгінгі күні біз пандемиядан туындаған бірталай мәселелерді шешуге бағытталған
Қазақстан Республикасы үкіметінің, бизнес пен азаматтық қоғамның әрекеттерін қолдауға
ұмтылып отырмыз. Осындай қысқа мерзімде жүзеге асырып отырған бұл біздің үшінші
жобамыз. Өкпені жасанды желдету аппараттарымен қамтамасыз ету, және қазақстандық
мамандармен білім алмасуға келген Қытай дәрігерлеріне біз көмек көрсетіп үлгердік. Бүгін
тұсауын кесіп жатқан жобамыз да Қазақстан азаматтарының тұрмысын жеңілдетіп, дәл
осындай қиын заманда басымызды біріктіреді деп біз үміттенеміз», – деп «Шеврон»
компаниясының өкілі Лейла Айтмуханова ойын бөлісті.

Жеңімпаз атанған жобалар туралы қысқаша мәліметті және «Qolda» жобасы туралы
толығырақ ақпаратты байқаудың сайтынан біле аласыз: https://qolda.org/ және t.me/Qolda_project


«Qolda» жедел көмек көрсету жобасын Орталық Азияның Еуразия Қоры (ОАЕҚ)
«Шеврон» компаниясымен серіктестікте жасады.

ОАЕҚ – Орталық Азияның Еуразия Қоры (ОАЕҚ) – 2005 жылы аймақта құрылған үкіметтік
емес ұйым. ОАЕҚ жергілікті қауымдастықтарды нығайту мен азаматтық және
экономикалық әл-ауқатын жақсарту арқылы, азаматттардың өз болашағын құруда
белсенді қатысуға көмектесу үшін қоғамдық және жеке ресурстарды жұмылдырады.

«Шеврон» Корпорациясы әлемдегі ең ірі интеграцияланған энергетикалық
компаниялардың бірі, 100-ден астам елде өз жұмысын атқарады және мұнай-газ
саласының барлық саласында жұмыс істейді. Сонымен қатар, компания жаңартылатын
энергия мен алдыңғы қатарлы технологияларды дамытуға инвестиция жасайды.
«Шеврон» Қазақстандағы жетекші жеке мұнай компаниясы болып табылады және елдің
ең ірі екі кен орны – Теңіз және Қарашығанақта маңызды үлестерге ие. Корпорация
Каспий Құбыр Консорциумындағы ең ірі жеке акционері.