Мүгедектігі бар павлодарлықтар жұмыспен қамту мәселелері бойынша кеңес ала алады

Жарияланған күні: 28.08.2023


Мүгедектігі бар павлодарлықтар үшін «Tvoiconsultant_bot» Telegram-арнасы жұмыс істейді. Арнаның көмегімен жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, білім беру және тұрғын үй мәселелері бойынша кеңес алуға болады деп, хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.
Павлодарда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Даму векторы» жобасы іске асырылып жатыр.

Жоба Павлодар қаласында тұратын мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, білім беру және тұрғын үй мәселелері бойынша хабардарлығын арттыруға бағытталған.
Жоба аясында «New vision team» ҚҚ мемлекеттік бағдарламалар мен қызметтерді алу тәртібін түсіндіруге бағытталған іс-шараларды өткізеді. Консультацияларды жедел ұсыну мақсатында қоғам белсенділері «Tvoiconsultant_bot» Telegram-арнасын құрды. Жоба жетекшісі Төлеген Айтбаевтың айтуынша, арна арқылы 2000-нан астам кеңес беру жоспарланған.

«Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға ыңғайы үшін біз Telegram арнасын құрдық. Үйден шықпай-ақ, мұнда олар жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа мамандықтарды игеру және тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларға қатысты өз сұрақтарын кез келген уақытта қалдырып, оларға жауап ала алады.
Бүгінгі таңда біздің арна арқылы 441 адам кеңес алды. Осы құралдың көмегімен жоба аяқталғанға дейін 2000 – нан астам кеңес беріледі деп жоспарлап отырмыз», – дейді Төлеген Айтбаев.

Сонымен қатар, қоғам белсенділері ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға «Microsoft инклюзивті құралдары» оқыту курсын, «Түйіндеме толтыру», «Жұмысқа орналасудың тиімді дағдылары», «Сәтті сұхбат» сияқты тақырыптарға тренингтер ұйымдастырды. Жоба аяқталғанға дейін оқытумен 70-тен астам адам қамтылмақ. Оқыту аяқталған соң мүгедектігі бар 5 павлодарлықтың жұмысқа орналасуына жәрдем көрсетіледі деп күтілуде.
Айта кетейік, «Даму векторы» жобасы осы жылдың қазан айында аяқталады.