Мемлекет қоғамды жергілікті өзін-өзі басқару арқылы дамытуда – Бәтима Мукина жолдау туралы

Жарияланған күні: 04.09.2020


НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Басқарма төрайымы Бәтима Мукина елдің Әлеуметтік кодексін әзірлеу туралы шешімді дұрыс деп санайды. Оның пікірінше, барлық деңгейде азаматтардың мүмкіндіктері тең болуы тиіс, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік қамсыздандыру саласы 17 заңмен және ондаған заңға тәуелді актілермен реттелетінін мәлімдеді. Бұл мемлекеттік органдар жауапкершілігінің анық болмауына, азаматтардың өз құқықтарын түсінбеуіне әкелді. Сондықтан бірыңғай заң жобасын әзірлеу қажет. Салалық заңнаманы қалыптастыруға қатысты тұжырымдамалық көзқарастың болмауы азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты құқықтарының бұзылуына әкеп соқтыратынына ешкім дау айта алмас. Әрине, мұндай заңнаманы қолдану қиын. Әлеуметтік кодексті әзірлеу шешімі өте дұрыс деп санаймын. Барлық деңгейде азаматтардың мүмкіндіктері тең болуы тиіс», – деді Бәтима Мукина.

Оның пікірінше, Президент өз Жолдауында бұрын да қоғам көтерген көптеген проблемалық мәселелерді атап өтті, бұл қоғам мен мемлекет арасындағы диалогтың нығайғанын тағы бір мәрте айғақтайды.

«Біздің мемлекетіміз нақты «халық үніне құлақ асатын мемлекет» екендігі қуантады, – деп атап өтті ол, – ЭКҰ бағдарламасы бойынша квоталар санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе арттыратыны керемет емес пе! Қаншама отбасы бала сүю бақытына ие болмақ. Бұл да бір әлеуметтік проблема ғой. Бедеуліктен адамдардың психикасы зардап шегеді. Олар қаншама жыл зарығып бала күтеді, дау-жанжал туындайды, депрессия – мұның бәрі отбасына, сондай-ақ қоғамға кері әсерін тигізеді. Өкінішке орай, Қазақстандағы әрбір алтыншы отбасының бала сүю мүмкіндігі шектеулі. Әлеуметтік сауалнамалар көрсеткендей, қазақстандықтардың шамамен 20%-ы мұны ажырасудың басты себебі деп санайды. Сондықтан, бұл бағдарлама осындай отбасылар үшін таптырмас мүмкіндік болмақ», – деді «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Басқарма төрайымы.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлейтін уақыт келгендігін айтты. Ол сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық мүмкіндіктерін күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

«Жергілікті өзін-өзі басқару үшін қаржылық тәуелсіздік керек. Бұл мемлекеттің жергілікті өзін-өзі басқару арқылы азаматтық қоғамды дамытуға және оның елде институционалдық қалыптасуына ықпал ететінін көрсетеді. Жолдауда Президенттің «халық үніне құлақ асатын мемлекетке» және оны белсенді қолдануға баса назар аударғаны қатты ұнады. Диалог құру сияқты мәселелер көтерілді. Мұның бәрі, негізінен, мемлекет «халық үніне құлақ асатын мемлекет» аппаратын институционалды түрде қалыптастыратынын білдіреді. Қандай да бір жаңа құзыреттері бар жаңа құрамды қалыптастыратынымыз – бұл да мемлекеттік жұмыс жүйесін жаңғырту және «халық үніне құлақ асатын мемлекетті» пысықтаудың жаңа дағдыларын қалыптастыру үшін қажетті факторлардың бірі», – деп, түсіндірді «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Басқарма төрайымы.

Спикердің пайымдауынша, экология мәселелері, Экологиялық кодексті бекіту және оны енгізу қажеттілігі де өте маңызды. Экологиялық кодекс, Әлеуметтік кодекс сияқты іргелі құжаттар, тағы бірнеше нормативтік құжаттар әзірленіп жатыр, Агенттік құрылуда.

«Осы саясаттың негізгі іргетасы өзіндік қажеттіліктері бар адам болмақ. Мемлекет адамзаттың игілігі үшін барлық салаларды дамытуға тырысып жатқандығы байқалады. Мемлекет басшысының бастамасымен көзқарас та өзгеріп келе жатқандығын мойындау керек. Азаматтық ұстаным белсенді өсіп келе жатқаны анық», – деп түйіндеді Бәтима Мукина.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 1 қыркүйегінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын арнаған болатын. Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауының толық мәтінімен мына жерде танысуға болады.