Көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық

Жарияланған күні: 30.09.2021


«Өмірлік қиын жағдайға тап болған балалары бар отбасыларды қолдау бойынша шаралар кешенін әзірлеу және енгізу» – «Замандас 21» ҚҚ-ның азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесіп жүзеге асыратын жобасы осылай аталады. Оның орындалу барысы аралық нәтижелерге арналған баспасөз конференциясында айтылды. Сонымен, өмірлік қиын  жағдайға тап болған балалары бар отбасыларға қолдау көрсету үшін не жасалғаны туралы біздің материалдан оқыңыз.

Гульсан Мауина – ерекше қажеттіліктері бар баланы тәрбиелеп отырған Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны. Сондай балалардың аналары отыратын чаттың арқасында ол «Замандас 21» ҚҚ ұйымдастырған курстар туралы білген. Курстарда тігінші, тәтті-дәмділерді пісіру, тәттілерден гүл шоқтарын жасау, клинингтік қызмет көрсету, қас жұлып, ламинаттау, кірпіктң ламинаттау, шугаринг, SMM маманы болу сияқты қажетті салаларды тегін үйретеді. Ол осы мүмкіндікті пайдаланып бірнеше саланы игеруге, бірден бірнеше мамандықты меңгеруге шешім қабылдады. Курстарды нәтижелі аяқтаған Гульсан бүгінде жұмысқа тұрып қана қоймай, өзінің шағын ісін жүргізуге қажетті дағдыларды да үйренді.

«Мен табыс табу мүмкіндігін көргендіктен курстарға қатысуды дұрыс деп шештім. Шугаринг, SMM саласы, кірпік пен қасты ламинаттау, тәтті-дәмділер пісіру туралы көп нәрсе үйрендім. оқытушылар бәрін жақсылап түсіндірді. Менің ойымша, жетістікке жетуіме шугаринг курсынан өтуім себеп болды. Өйткені осы курсты аяқтағаннан кейін өзіме модельдер таба бастадым. Жұмысыма қажетті заттарды алып, оқытушымның қасында қажетті техникаларды меңгердім.  Кейін чаттарда осындай қызмет көрсететінім туралы хабарландыру жаздым. Бастапқыда менің клиенттерім ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар болды. Күндердің бір күнінде мені сұлулық салонына жұмысқа шақырды. Бүгін мен ол жерде тек шугаринг қызметін ғана көрсетіп қоймай, қас пен кірпікті ламинаттау қызметін де көрсетем. Өз қызметтерімді әдемі және дұрыс ұсыну үшін мен SMM негіздері курсын оқыдым. Ал аспаздық дағдыларды өзім үшін үйрендім. Әйел үшін мұның ешқайсысы артық болмайды», – дейді ол.

Алматылық Әйгерім Түлебаева үшін аспаздық өнері туралы курсты оқуы негізгі табыс көзіне айналған. Оның айтуынша, курсты онлайн форматта оқу білімді үйде отырып-ақ алуға және уақыт үнемдеуге ыңғайлы болған.

«Мүмкіндігі шектеулі балам болғандықтан, оны үйде қалдырып, ұзақ уақыт жұмыс орнында бола алмаймын. Ал «Замандас 21» ҚҚ ұйымдастырған кейбір курстар онлайн форматта өтті. Сол кезде өз қолыммен жасаған дүниені сатып көру туралы ойлап жүргенмін. Маған ет, көкөніс қосылған бәліш, тәтті бәліш, тоқаш жасау үшін қамырды жақсы илеудің құпияларын меңгеру керек болды.  Бір жақсысы – курс оқу көп уақыт бөлуді қажет етпейтін.курс аяқталғанына қарамастап курсқа қатысушылардың сатында әлі де сөйлесіп, рецепт алмасып, пайдалық ақпараттармен бөлісіп отырамыз. Оқу аяқталғаннан кейін тапсырыстар бірден түсе бастады. Үйде отырып ақша табамын. Тапсырыс көлемі ақырындап өсіп келе жатыр. Сұраныс артатын болса, аспаздық студия ашуға ниеттімін», – дейді Әйгерім Түлебаева.

Ақкөл тұрғыны Валентина Босякова үш баланың анасы, соның бірі – мүгедек. Ол қаншама қиындыққа қарамастан кішігірім сұлулық салонын ашып алған. Бүгін ол сұлулық салонында көрсетілетін қызмет түрлерін кеңейтуді тегін үйренгеніне қуанады.

«Бәрі осылай орайымен болып кетеді деп ойлаған жоқпын. Маникюр, педикюр, шугарингпен айналысқаныма 5 жылды жүзі болды, шағын салон жалдап, ішін жабдықтап қойғанмын. Кірпік пен қасты ламинаттау курсын оқығаннан кейін клиенттерімнің қатарын өсіру бақыты бұйырды. Қыздар кірпік өсіруг келе бастады. Ұсынған қызметім олардың көңілінен шықты, сондай-ақ қосыша білім алып, қызмет көрсету аясы кеңейгені үшін өзім де қуаныштымын.

Курстарды ұйымдастырушыларға және оқытушыларға алғысым шексіз. Оқытушыларды тыңдай бергім келетін. Маған курс оқу өте қызық болды», – дейді Валентина Босякова.

«Өмірлік қиын жағдайға тап болған балалары бар отбасыларды қолдау бойынша шаралар кешенін әзірлеу және енгізу» жобасының координаторы Варвара Полякованың айтуынша,  сұлулық саласы, клининг, digital қызметі сияқты сұранысқа ие мамандық бойынша білікті мамандар оқытатын курстарда 500-ге жуық адам оқыды.   Он шақты адамдар тігін ісін меңгеруді жалғастыруда. Курсты аяқтағаннан кейін барлық қатысушыларға сертификат беріледі, бұл өз кезегінде оларға өздерін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осы жоба аясында еліміздің барлық аймағында жұмыс істейтін отбасын қолдау орталықтарының қызметкерлеріне біліктілігін арттырғаны туралы сертификат берілді. Осы жылдың мамыр айынан бастап дағдарыс орталықтарының 422 маманы өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдер мен балаларға психологиялық және құқықтық көмек көрсету бойынша кәсіби білімдерін жетілдірді. Орал қаласында жұмыс істейтін дағдарыс орталығының психологы Әсем Жақсымбетова жұмыс үлгісіне тәнті болды. Оның курс барысында агрессорлармен жұмыс істеу әдістері туралы көптеген жаңа және пайдалы ақпарат білгені туралы айтты.

«Мен үшін курс жұмысының үлгісі қалай құрылғаны қызық болды Біз тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін жан-жақты зерттедік. Тренинг 5 аптаға созылды. Курс соңында біз атқарылған жұмыстар туралы есеп өткізіп, тәжірибелік тапсырмаларды орындадық.

Оқу барысында агрессорлармен жұмыс істеуге көп көңіл бөлінгені ұнады. Бізге зорлық-зомбылықтан кейінгі жан жарасы, агрессорлармен жұмыс істеу әдістері, зардап шеккендерге көмектесетін мамандардың эмоционалды күйіп кетуінің алдын алу туралы айтты. Сонымен қатар, бізде Қазақстанның басқа аймақтарындағы әріптестермен байланыс орнатуға, шет мемлекеттерде бұл мәселені сәтті шешу тәжірибесімен толық танысуға жақсы мүмкіндік болды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі әлі де бар және ондай отбасыларға көмектесуіміз керек. Курстардың арқасында мен кәсіби деңгейімді көтердім. Бұл менің жұмысымның сапасына оң әсер ететіні сөзсіз», – дейді психолог.

Сонымен қатар, «Замандас 21» ҚҚ Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранттық қолдауымен жүзеге асырылған жоба қиын жағдайға тап болған отбасы мүшелеріне «бір терезе» қағидаты бойынша, сондай-ақ телефон арқылы республиканың барлық аймақтарының тұрғындары үшін жоғары білікті мамандардың тегін кеңес беруін қарастырады. Қор мамандарының айтуынша, психологтар, заңгерлер мен әлеуметтік қызметкерлер 4 айда 700-ден астам қоңырау қабылдаған. Азаматтар ажырасу, алимент алу, АӘК, отбасындағы дау-дамай, көршілермен дау-дамай, отбасылық зорлық -зомбылық, балаларды тәрбиелеу мен дамыту мәселелері бойынша сенім телефондарына хабарласқан.

Айта кету керек, «Өмірлік қиын жағдайға тап болған балалары бар отбасыларды қолдау бойынша шаралар кешенін әзірлеу және енгізу» жобасы Өмірлік қиын жағдайға тап болған балалары бар отбасыларға көмек көрсету саласында бірыңғай оқу, ақпараттық-әдістемелік, ақпараттық-коммуникациялық, консультативтік кеңістік құруға бағытталған. Ол ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігінің тапсырысы бойынша жүзеге асуда. Жоба биылғы жылдың аяғына дейін жалғасады.