Жарияланған күні: 23.05.2018
Елге оралам деген қандастарымызға қолдау болып, жастардың отансүйгіштік сезімін оятуда еңбек етіп жүрген Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының басшысы Жаңыл Әпетовамен өткен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. Ой түйер, түртіп алар дүниенің болары анық.
Жаңыл Амантайқызы, азаматтық қоғамды дамытуда еңбек етуіңіздің негізгі себебі қандай?
Күнделікті өмір сүру дағдымыз бен қоғамның даму үдерісі, айналадағы тіршілік барысы азаматтық қоғамды дамытуда еңбек етуімнің негізі себеп болды. Менің мамандығым – журналист. Университеттен соң еларалық «Шалқар» газетіне жұмысқа келдім. Бұл газет 1976 жылдан бері қазақтың төте жазуымен (араб графикасы) әлемнің 30-ға жуық елдеріндегі қандастарымызға Қазақстаннан хабар жеткізетін.
Тәуелсіздік таңы атып, шекара ашылып, әлемдегі ағайынға атамекен есігі ашылды. Қазақстанға қарай жан-жақтағы қандастардың көші басталды. Бұрын тек баспа бетінде хат арқылы байланысатын ағайындар, енді Қазақстанға келіп, газет редакциясына соғып, жөн сұрасатын. «Оралмандар» аталған осы ағайындармен редакцияда басталған жөнсұрасу, кеңес беру жұмыстарымыз жалғаса келе еріксіз азаматтық қоғаммен жұмыс істеуіме алып келген тәрізді.
Былтыр Орталықтың грант иегері атанып, екі жобаны жүзеге асырдыңыз. Қысқаша тоқтала кетсеңіз.
Былтыр «Халықтың ұлттық-мәдени бірлігін сақтаудағы зиялылардың рөлі» және «Оралмандар қатарындағы жастарды әлеуметтік-мәдени бейімдеу бойынша іс-шаралар» тақырыбындағы екі жобаны жүзеге асырдық. Екеуі де маңызды, өміршең тақырыптарға негізделген.
Зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен жастар мен студенттер арасында 20 кездесу ұйымдастырылды, 2372 адам қатысты. Атақты спортшылар Ермахан Ибраимов, Ардақ Назаров,желтоқсан қаһармандары Аманғазы Кәріпжанов, Шора Қарабаев, Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, қоғам қайраткерлері Дос Көшім, Асылы Османова, әдебиетшілер Қасымхан Бегманов, Қали Назрахмет, тарихшылар Ахмет Тоқтабай, Әбдеш Төлеубаев, ауған соғысы ардагерлері Еркінбек Қуанбайұлы, Мұрат Сейітасқаров және т.б. зиялы қауым өкілдері жастарды болашаққа сеніммен қарауға, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраларды сақтауға үндеді.
Әлеуметтік желіде 8000-нан аса адамның басын қосқан «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» атты қоғамдастық ашылды. «Мәдениетті насихаттаудың инновациялық үлгісі» идеялар байқауында азаматтар қазақ мәдениетін шетелдерде таныстырудың жолдарын ұсынды. «Мен сақтаған бір мұра» акциясы кезінде бірталай өзге елдерде, жекелеген адамдардың қолында жүрген мұра, тарихи жәдігерлер табылды.
Екінші жобаны жүзеге асырудың арқасында 24 сағат бойы оралмандарға қолдау көрсететін тікелей желі телефоны жұмыс істеді. Оралмандарды әлеуметтік бейімдеу үшін 1000 дана қазақ тілінде – араб, латын, кирилл әріптерімен басылған әдістемелік құрал жарыққа шығып, электронды нұсқасы әлеуметтік желіде көпшілікке ұсынылды.
3. Қандастарымыздың елге оралуында қиындық тудыратын қандай мәселелерді атар едіңіз?
Қазақстан әлемдегі қандастарына атамекеніне оралуына жағдай жасап отырған үш елдің бірі. Алғашқы көш басталғалы қандастарды көшіруде туындаған кедергілер мен кемшіліктер заңдық тұрғыда шешіліп келеді. Дегенмен, ішкі, сыртқы заңдарда қарастырылған нормаларды білмеу, ақпараттың аздығы қандастарымыздың әбігерлігін тудырып жатады. Тәжірибеден байқағанымыз, қиындыққа тап болып жүргендердің көпшілігі Қазақстанға келген бойда делдалдардың көмегіне жүгінгендер немесе заң талаптарына мән бермей, уақыттарын өткізіп алатындар. Бұл тұрғыда, Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры соңғы 5-6 жыл көлемінде қандастарды бейімдеу тұрғысында тұрақты түрде жұмыс істеп, жергілікті уәкілетті органдардың өкілдерімен, қоғамдық кеңеспен бірлесе дер кезінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
4. Биыл Орталықтың грант иегерлері қатарында өзіңізді көргенде қандай сезімде болдыңыз?
Биыл да «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы»-ның грант иегерлері қатарында болғанымызға қуандық, әрине. Мәжіліс депутаттары, танымал қоғам қайраткерлері, журналистер мен ғалымдардан құралған тәуелсіз байқау комиссиясы бағалайтын үлкен іріктеуден өтеміз бе, жоқ па деп күмәнданғанымыз рас. Алайда, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудағы көп жылғы жұмыс тәжірибеміз ескерілсе керек, «Репатрианттардың (оралмандардың) әлеуметтік-мәдени бейімделуі» тақырыбындағы жобаның грант иегері атандық. Оның үстіне, оралмандар тақырыбындағы алғашқы грант өткен жылы бізге тиесілі болғандықтан, осы Жобаны әрі қарай жалғастыруымызға мүмкіндік туып отыр. Ендігі жауапкершілік – бізде.
5. Орталықтың грантын жүзеге асыру қаншалықты қиын? Талабы биік деп жатады…
Орталықтың грантын жүзеге асыру бізге аса қиындық тудырмайды. Себебі, орындайтын Жобалар біздің ұйым Жарғысына сай атқарып жүрген жұмысымызға сай келеді. Сондықтан күнделікті істеп жүрген ісіміз бізге қиын емес. Қиын болса, тәжірибесі жоқ, мұндай шараларды жүзеге асырмаған ұйымдарға қиын болатын шығар. Алайда, есептілікке талаптың жоғары екендігі шындық. Есеп беру жиілігі, кейде жұмысымыздан алаңдатып жатады. Қағазбастылық көп тәрізді. Бірақ онсыз да болмайды. Жиі есеп берудің жақсы тұсы – қорытынды есепке дейін жасалатын іс-шараларыңның артық-кемдігін уақытында ескеріп, түзетуге мүмкіндік туады.
6. Өмірлік ұстанымыңыз?
Мен мотивациялық әңгімелер мен адамдарға керек ақыл-кеңестерді оқығанды ұнатамын.
Атқарып отырған ісіңді жақсы оймен істе, сонда ғана жолың болады.
Жаныңдағы адамдарға жақсылық сыйлай біл, өзіңнің де өмірің гүлденеді жəне бақытқа толы болады.
Ертеңгі күні қартайғаныңда өткеніңнен рахат алатындай өміріңді адал және өзіңе лайықты етіп сүре біл.
Міне, бұлар менің өмірлік қағидаларым.
Сұхбат бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз!