Қаріп көлемі: A A A
Сайттың түсі: A A
Қаріп түрі:
Сайттың бұрынғы нұсқасына өту

Волонтер жылы

2020 жыл елімізде ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың бастамасымен «Волонтер жылы» болып жарияланғаны белгілі.

«Игі іспен айналысу, адам­дарға жақсылық жасау – хал­қы­мыздың көне заманнан келе жат­қан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі біреу­ге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай бере­ке-бірлікке шақыратын «Асар» дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құн­дылығын жоймаған ата салты­мыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волон­терлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қыз­мет ету», – деді Қ.Тоқаев.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты шеңберінде Волонтер жылы аясында 7 жалпыұлттық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Birgemiz: Bilim», «Birgemiz: Taza Álem», «Birgemiz: Sabaqtastyq», «Birgemiz: Qamqor», «Birgemiz: Asyl mura», «Birgemiz: Saýlyq» және «Birgemiz: Úmit» жобалары.

Әр жобаға жеке-жеке тоқталып өтсек, «Birgemiz: Bilim» жалпыұлттық жобасы 14 облыс бойынша жүзеге асуда. Жобаның мақсаты – ауылдық жерлердегі орта мектептердің жоғары сынып оқушыларына, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан (жетім балалар, аз қамтылған, көп балалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар) ҰБТ-ға дайындық, ағылшын тілін, компьютерлік және құқықтық сауаттылықты оқытуға волонтерлік көмек көрсету. Жетекшілер мен волонтерлер үшін онлайн-вебинарлар өткізіліп, онда жұмысты жүргізу әдістері мен алгоритмдері талқыланды, сабаққа дайындалу үшін ұсыныстар мен кездесетін мәселелерді шешу жолдары қарастырылды.

«Birgemiz:Umit» жобасының мақсаты – жоғалған адамдарды іздеу, зілзала қауіп-қатерін азайту және табиғи, техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою жобаларына волонтерлерді тарту болып табылады.

Мақсаты тәлімгерлік тәжірибені енгізу, беделді және құрметті азаматтардың (волонтерлердің) ішінен кемінде 50 дербес тәлімгерлер даярлау болып табылатын «Birgemiz: Sabaqtastyq» жалпыұлттық жобасы бойынша Нұр-Сұлтан, Атырау және Шымкент қалаларында волонтерлерді қолдау орталықтары ашылды.

«Birgemiz: Saulyq» жобасы бойынша науқастарды күтуге көмек көрсету, денсаулық сақтау саласына волонтерлерді тарту болса, «Birgemiz: Qamqor» жалпыұлттық жобасының мақсаты – қарттар үйіне, халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына волонтерлерді жұмылдыру болып табылады. Қарттар үйлеріне және халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына көмек көрсету үшін волонтерлерді біріктіру мақсатында Алматы қаласында және Павлодар, Маңғыстау облыстарында  волонтерлықты қолдау орталықтары ашылды.

Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Birgemiz: Taza Álem» жалпыұлттық жобасының мақсаты – азаматтарды қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазарту саласында волонтерлер қызметіне тарту, ағаш отырғызу мен қоқысты сұрыптауға үйрету, экологиялық волонтерлер қозғалысымен өзара әрекеттесу болып табылады.  Азаматтарды қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазалау, ағаш отырғызу, қоқыстарды сұрыптауға үйрету мақсатында 3 облыста мүдделі ұйымдармен, түрлі эко-қозғалыстармен ынтымақтастық туралы меморандум жобасы әзірленіп, Қостанай, Батыс Қазақстан және Алматы облыстарының жастар ресурстық орталықтарында волонтерлерді қолдау орталықтары ашылды. Жоба аясында Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Жеңіс бағы» акциясы өткізілді. Акцияға қатысу үшін әр адам үйінің жанына гүл немесе ағаш отырғызып, оны батыр бабаларымызға арнады. Еліміздің 17 өңірінде «Birgemiz: Taza Alem» жалпыұлттық  жобасы бойынша үйлестірушілер онлайн оқытудан өтті.

Birgemiz: Asyl мura» жалпыұлттық әлеуметтік жобасының мақсаты –мәдени-тарихи мұраны сақтау және дамыту, тарих, мәдениет ескерткіштерін, мемориалдық кешендерді қалпына келтіру және сақтау жөніндегі жобаларға волонтерлерді тарту. Жамбыл, Қарағанды және Түркістан облыстарының жастар ресурстық орталықтарының базасында волонтерлерді қолдау орталықтары құрылды. Бүгінде баға жетпес қазынамызды сақтап, халықтың тарихи естелігі – ғасырлар бойы келе жатқан тарихи-мәдени мұраларды сақтауға, тарих, мәдениет ескерткіштерін және мемориалдық кешендерді қалпына келтіру жұмыстарына  үлестерін қосқысы келетін азаматтар жоба қатарына қосылуда.

Қазіргі уақытта әр жоба бойынша жоспарланған іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр.

 

 


  Волонтер жылы – 2020