Жарияланған күні: 31.08.2022
Қазақстанда «Birgemiz: Taza Alem» жалпыұлттық жобасын іске асыру жалғасуда. Еріктілер көптеген экологиялық акцияларды ұйымдастыру, қоршаған ортаны қорғау және көгалдандыру сияқты бастамаларды қолға алған, деп хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.
«Birgemiz: Taza Alem» жалпыұлттық жобасын іске асыру шеңберінде «Әлеуметтік жобалар қоры» КҚ шағын гранттарды ұсыну жөніндегі конкурсты өткізді. Волонтерлік бастамалар экологиялық мәдениетті қалыптастыру және экологиялық проблемаларды шешуге қоғамның назарын аудару, өзендер мен ормандарды тазарту, ағаш отырғызу, қоқысты сұрыптауға үйрету сияқты бағыттарды қамтиды. Әр гранттың мөлшері 300 мың теңгені құрайды.
Байқауға қатысуға еліміздің әр түрлі өңірлеріндегі ҮЕҰ мен бастамашыл топтар ниет білдірген болатын.
«Биыл шағын гранттар байқауына 104 өтінім келіп түсті. Оның ішінен тәуелсіз комисся 30 үздік жобаны анықтады. Өтінімдердің басым бөлігі Жамбыл облысынан келіп түсті. Қоғам белсенділері қоғамға қажетті көптеген қызықты эко-бастамаларды ұсынды. Эко-белсенділердің еліміздің гүлденуіне өз үлестерін қосқысы келетіні қуантады», – дейді «Әлеуметтік жобалар қоры» КҚ жетекшісі Ербол Кеңгербаев.
Мәселен, «Жаңаарқаның іскер әйелдері» ҚБ өз жобасы арқылы Жаңаарқа ауданына қарасты Ынтымақ ауылының тұрғындары арасында экологиялық мәдениет негіздерін қалыптастыруға бағытталған шараларды ұйымдастырады. Бұл жоба, сондай-ақ, жергілікті туризмді дамытуға оң ықпал етеді.
Ал «JASYL SAQŞY» жобасы еліміздің ірі мегаполисі-Шымкентте іске аспақ. Қалада қоршаған ортаны қорғау саласында профилактикалық және әлеуметтік жұмыстарды ұйымдастыратын эко – еріктілер пулын құрылады деп күтілуде.
Елорда белсенділері волонтерлік бастамаларды іске асыруға және экологиялық проблемаларды шешуге қоғамның назарын аударуға бағытталған «ЭкоДобро» жобасын бастады.
«Birgemiz: Taza Álem» жобасының негізгі мақсаты – экологиялық мәселелерді шешуде азаматтарды еріктілік қызметке, қоршаған ортаны қоғауға, өзендер мен ормандарды тазартуға, ағаш талдарын отырғызуға, қоқысты сұрыптауға және экологиялық қауіпсіздікті сақтауды үйретуге тарту. Ол ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Жалпыұлттық жоба шеңберінде экология, оның ішінде қоршаған ортаны қорғау, экологиялық қауіпсіздік саласындағы волонтерлерді даярлау және оқыту жүргізіледі. 2024 жылдың соңына дейін жалғасатын жобаға кемінде 8 мың эковолонтер тартылмақ.