Birgemiz: Bilim» жобасына волонтерлерді қабылдау жүргізілуде

Жарияланған күні: 17.08.2023


Халықтың әртүрлі топтарының цифрлық, қаржылық, тілдік, компьютерлік сауаттылығын арттыру курстарын өткізу бойынша волонтерлік көмек көрсету мақсатында «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі қазақстандықтарды «Birgemiz: Bilim» жалпыұлттық жобасына қатысуға шақырады деп, хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.

 

Қазақстанда «Birgemiz: Bilim» жалпыұлттық жобасы жалғасып жатыр. Ол халықтың әр түрлі топтарының, соның ішінде ауылдық жерлерде тұратын азаматтардың, цифрлық, қаржылық, тілдік, компьютерлік сауаттылық деңгейін еріктілерді тарту және бейресми тәсілдерді қолдану арқылы арттыруға бағытталған. Жоба аясында іріктелген 2 мың адам волонтерлік қызмет бойынша курстардан өткеннен тілдік, қаржылық, компьютерлік, құқықтық сауаттылықты арттыру және халықтың өмірлік дағдыларын жетілдіру бағытында шеберлік сағаттары мен тренингтерді өткізетін болады.

 

«Бүгінгі таңда өзіміздің қатарымызға волонтерлерді шақырып жатырмыз. Жобаға 14 жасқа толған қазақстандықтар қатыса алады. Сондай-ақ, олардың сомасы 300 000 теңгені құрайтын шағын грантты алу мүмкіндігі де бар. Бұл оларға өз бастамаларын жүзеге асыруға көмектеседі.
Жыл соңында ең белсенді еріктілерді Астанада өтетін үлкен форумда марапаттаймыз», – деді жоба менеджері Аида Аманжолова.

Жалпыұлттық жобаға қатысу үшін азаматтар Instagram-дағы келесі парақшаларға өтінім қалдыруы қажет: @birgemiz.bilim2023, @jasulan_qz.
Айта кетейік, халықтың әртүрлі топтарын цифрлық, қаржылық, тілдік, компьютерлік сауаттылығын волонтерлік көмек көрсету арқылы арттыру жөніндегі «Birgemiz: Bilim» жалпыұлттық жобасын ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі іске асыруда. Жоба 2024 жылдың соңында аяқталмақ.