Басқарма Төрағасы Б.Мукина «Birgemiz» волонтерлер Фронт-офисінің және Ұлттық Волонтерлер желісінің өкілдерімен кездесу өткізді

Жарияланған күні: 13.06.2020


Павлодар қаласында Басқарма Төрағасы Б.Мукина «Birgemiz» волонтерлер Фронт-офисінің және Ұлттық Волонтерлер желісінің өкілдерімен кездесу өткізді.

Іс-шараға аймақтың волонтерлік, қоғамдық және жастар ұйымдары қатысты.

Күн тәртібінде жалпыұлттық жобаларды жүзеге асыру, Павлодар облысы Фронт-офисінің және волонтерлік ұйымдарының қызметі, сонымен қатар волонтерлік бастамаларды гранттық қолдау мәселелері қарастырылды.

Кездесуде Павлодар облысының Ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары – Руслан Тлеулесов, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Басқарма Төрағасы – Батима Мукина, Ұлттық Волонтерлер желісінің төрағасы – Вера Ким, Павлодар аймақтық Фронт-офисінің басшысы – Серікбекқызы Саягүл және жалпыұлттық жобаларды жүзеге асыру бағыттары бойынша үйлестірушілер сөз сөйледі.

Айта кетейік, Павлодар облысы алғаш рет Волонтер жылы аясында гранттық қаржыландыруды және волонтерлік бастамаларды қолдауды пилоттық режимде енгізді. Павлодар облысы әкімінің тапсырмасы бойынша Волонтер жылы аясында волонтерлік жобаны жүзеге асыру үшін ұйымдарға арналған шағын гранттар конкурсына 10 млн.теңге қаржы бөлінген болатын. Конкурс Волонтер жылының 7 бағыты аясында әлеуметтік жобалар арасында өткізілді.

Конкурс қорытындысы бойынша 19 өтінім қабылданып, сараптау комиссиясының шешімімен 11 жоба өз жобасын іске асыруға 1 млн. теңгеге дейін қаржы алды.

Сондай-ақ, Б. Мукинаның Павлодар облысы әкімінің орынбасары А. Ораловпен кездесуі болып өтті, онда ұлттық жобаларды жалпы үйлестіру және жергілікті атқарушы орган мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ арасында әлеуметтік жобаларды іске асыру және одан әрі жұмыс істеу үшін меморандумға қол қою мәселелері талқыланды.

Кездесу соңында іс-шараға қатысушылар ортадағы жемісті қарым-қатынасы үшін бір-біріне алғыс білдірді.