Бүгін Республикалық “ASAR” үшжақты ынтымақтастық Форумы өз жұмысын бастады

Жарияланған күні: 30.10.2017


Бүгін Атырау қаласында Республикалық “ASAR” үшжақты ынтымақтастық Форумы өз жұмысын бастады. Форум қоғамымыздағы түйіткілді әлеуметтік мәселелерді шешу үшін мемлекет пен коммерциялық емес секторды және бизнес өкілдерін бір алаңда жинауды көздейді.

Форум басында сөз алған Қазақстан Республикасы дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев,Форум бизнес өкілері мен үкіметтік емес ұйымдардың ынтымақтастығын арттыруда керемет құрал боларын атап өтті.Үкіметтік емес ұйымдар тек мемлекеттен көмек күтпей, кәсіпкерлермен бірге жұмыс істесе, олардың серіктестігі барлық жағынан пайда береді. Егер кәсіпкерлер әлеуметтік мәселелерді шешуге қол ұшын созса, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаратынын, сәйкесінше елдің тұрмысы түзу болса, кәсіпкерлердің пайдасы да көбейетінін айтты.

Жұмысын бүгін бастаған Форум жемісті болып, бірталай жаңалыққа да толы болмақ. Мәселен, «кіндік қаны тамған жерді» дамытуға үлес қосуды көздейтін «Әлеуметтік бастамалар картасы» таныстырылатын болады. Бұл – мемлекеттік органдар мен меценаттар, бизнес өкілдері мен еріктілер, үкіметтік емес ұйымдар мен қарапайым азаматтар қатыса алатын аймақтық жобалардың ашық интерактивтік базасы.

Сондай-ақ, Форум жұмысына мемлекет, бизнес өкілдерімен қатар, түрлі тақырыпта өз біліктілігімен бөлісетін коуч-мамандар да қатысып жатыр.