Азия Даму Банкі Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қызметкерлері үшін оқыту курстарын ұйымдастырады

Жарияланған күні: 22.12.2021


Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен Азия Даму Банкі Қазақстандық ҮЕҰ-ны дамытуды қолдау саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің әлеуетін арттыруға бағытталған оқыту курстарын өткізу жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Орталықтың баспасөз қызметі.

Орталық қызметкерлеріне арналған жобаларды басқару, қаржылық менеджмент, әлеуметтік жобаларды мониторингілеу және бағалау, фандрайзинг саласындағы курстар, сондай-ақ жаттықтырушыларға арналған тренингтер гранттық және жобалық басқару саласындағы кадрлық әлеуетті арттыруға, оның ішінде қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың кәсібилігін арттыруға бағытталған жобаны іске асыру жөніндегі техникалық тапсырма аясында өткізілетін болады.

Құжатқа сәйкес, гранттық жобаларды жоспарлау, мониторингілеу және бағалау процесіне тікелей тартылған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бейінді құрылымдық бөлімшелерінің 5 қызметкері, сондай-ақ орталықтың 15 қызметкері оқуды келесі жылдың басында бастамақ. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының Басқарма Төрағасы Лима Диастың айтуынша, халықаралық курстар гранттық қаржыландыру механизмін оңтайландыруға ғана емес, сондай-ақ елдің азаматтық қоғамының дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасауға да септігін тигізеді.

«Әлеуметтік жобаларды басқару, мониторингілеу және бағалау саласындағы курстар орталық қызметкерлеріне жұмыс процесін жеңілдетуге және ауқымды деректерді жинау мен талдауға жұмсалатын уақытты қысқартуға, әлеуметтік жобалармен жұмыс ты,  гранттық қаражаттарды мониторингілеу әдістерін түсінуге мүмкіндік береді. Қаржылық есеп негіздері қызметкерлердің қаржылық менеджмент және гранттық қаражат мониторингі саласындағы дағдыларын жетілдіреді, гранттық қаражатты басқару тиімділігін арттырады. Фандрайзинг курстарында Орталық қызметкерлері ҮЕҰ әлеуметтік жобалары үшін халықаралық донорлық қаражатты тарту құралдары туралы біледі.

Мұнымен қоса, курстар аяқталған соң орталықтың 10 қызметкері біздің грант алушылар үшін біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру  жұмыстарына тартылатын болады. Біз ҮЕҰ үшін  грантты іске асырғаннан кейін де олардың тұрақтылығын қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Бұл өз кезегінде қызметкерлеріміздің алған білімі мен дағдыларын тұйықтамауға мүмкіндік береді», – деді Лима Диас.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен бейінді министрлік қызметкерлерін оқыту төрт айға жалғасып, 2022 жылдың сәуірінде аяқталмақ. АДБ және ҚР Үкіметі аталмыш жобаны тең үлестермен қаржыландыратынын атап өту қажет.