Азаматтық қоғам белсенділері балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Жарияланған күні: 30.06.2022


Балалар жылы аясында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы Қазақстанның Азаматтық Альянсы алаңында «Балалар мүддесіндегі әріптестік» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Іс-шараға Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, өңірлік үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.  

Дөңгелек үстелге қатысушылар кибербуллингке қарсы күрестегі әріптестік, мүгедек балаларға тең жағдайларды қамтамасыз ету, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау сияқты өзекті мәселелерді талқылады.

«Балалар – елдің болашағы. Балаларымыздың жақсы жағдайларын қамтамасыз ету үшін бізге қоғамның барлық құрылымдары мен институттарының толыққанды сындарлы диалогы өте маңызды. Бүгінгі іс-шараға біз өңірлердегі Азаматтық Альянстың басшыларын, депутаттарды, Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Ақпарат және қоғамдық даму, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерінің, халықаралық ұйымдардың өкілдерін шақырдық. Дөңгелек үстел аяқталған соң, біз барлық баяндамаларды жинақтап, азаматтық қоғамның мен мемлекеттің арасындағы ынтымақтастық және серіктестікті жақсартуға қатысты ұсыныстарды әзірледік. Олардың барлығы Ұлттық құрылтай хатшылығына жіберіледі», – деді Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева.

Айта кетейік, дөңгелек үстел барысында үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік органдар өкілдері әзірлеген бірқатар ұсыныс Ұлттық құрылтайға жіберілетін болады.