Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мемлекеттік гранттар жөніндегі қосымша конкурстың сараптау комиссиясының отырысын өткізді

Жарияланған күні: 30.06.2017


2017 жылдың 30 маусымында сағ. 12.00-18:00 аралығында «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ ҮЕҰ үшін мемлекеттік гранттар беру жөніндегі конкурстың сараптау комиссиясының отырысы өтті. Конкурстық комиссия 71 ұйымнан келіп түскен 93 өтінішті қарады.

Үстіміздегі жылдың 10 мамырында Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» мемлекеттік гранттардың қосымша конкурсын жариялады.

Конкурста жалпы сомасы 121 млн теңгеден асатын 19 грант көзделген. Гранттар мемлекеттік жастар саясатын қолдау, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмектесу, шешімдерді қабылдау үдерісіне үкіметтік емес ұйымдардың қатысуын арттыру, қоғамдық келісімді нығайту секілді бағыттар бойынша әлеуметтік жобаларды үкіметтік емес ұйымдардың жүзеге асыруына арналған.

Сараптау комиссиясы келіп түскен өтініштерді екі апта ішінде бағалап, бүгінгі отырыста өз қорытындысын жасады.

Қосымша конкурстың жеңімпаздары туралы шешім «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» www.cisc.kz сайтында 7 жұмыс күні ішінде жарияланатын болады.

Бұл конкурстың үстіміздегі жылы Орталық өткізіп отырған екінші конкурс екенін естеріңізге саламыз. Бірінші конкурс қорытындысы бойынша 560 млн теңгелік сомаға 42 грант берілген болатын.

Байланыс ақпаратымыз:

«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ

Тұран даңғылы, 19/1, 6-қабат

010000 Астана, Қазақстан

Тел.: +7 /7172/ 67-81-84

www.cisc.kz