Жарияланған күні: 19.05.2017
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мемлекеттік грант конкурсының ережелерімен таныстырды
Конкурстық өтініштерді толтырған кезде жіберген техникалық қателіктерді түзетуге болады. Бұл туралы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғам (ары қарай – Орталық) өкілдері үкіметтік емес ұйымдарға арналған ақпараттық жиналыста хабарлады. Аталмыш Орталық үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру саласындағы бірыңғай оператор болып табылады.
2017 жылдың 19 мамыр күні Астанада мемлекеттік гранттар конкурсына қатысу ережелерімен таныстыруға бағытталған ақпараттық жиналыс өтті. Бұл – ағымдағы жылы Орталық өткізіп жатқан екінші конкурс. Жалпы алғанда гранттарды үлестіру бойынша қосымша жоспарда жалпы сомасы 121 970 мың теңгені құрайтын 19 гранттық бағдарлама қарастырылған. Жоспарды Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі бекітеді.
Қосымша жоспар бойынша гранттар келесідей тақырыптарды қамтиды: шешім шығаруда ҮЕҰ құзыреттілігін арттыру, қоғамдық келісімді дамыту, мемлекеттік жастар саясатын қолдау, толық емес отбасылардан шыққан және жетім балаларды қолдау.
Жиналысқа ҮЕҰ, Министрліктер мен сарапшылық комиссия мүшелері қатысты.
Орталық директорының орынбасары Дина Кенесарина: «Аталмыш жылдың 30 мамырына дейін мемлекеттік гранттар конкурсына өтінімдерді қабылдаймыз. Одан кейін 2 апта ішінде Орталық мамандары өтінімдерді грант бағыты мен құжаттардың толықтығына тексереді. Айта кетерлік жайт, егер де ҮЕҰ құжатты қате толтырса, оның 3 күн ішінде түзетуге мүмкіндігі бар. Бұл ешбір грант беруші ұйымдарда жоқ механизм».
Грантқа құжаттарды тапсырған кездегі басты міндет – ұйымның үкіметтік емес ұйымдар дерекқорында тіркелуі.
Гранттық конкурс жеңімпаздарын тәуелсіз сарапшылар комиссиясы анықтайды. Комиссия конкурс арқылы анықталады, ал кандидаттарды үкіметтік емес ұйымдар ұсынады.
Аталмыш конкурстың сарапшылық комиссиясына келесідей адамдар кірде: Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаттары Серік Сейдуманов пен Мұхтар Ерман, үкіметтік емес ұйым өкілдері Елена Ким, Аманжол Айтказин, Сергей Богатырев, Жаныл Мукашева, сондай-ақ, «Комсомольская правда Казахстана» газетінің бас редакторы Амангельды Бисенбаев, Л. Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық Университетінің журналистика және саясаттану факультеті теле-радио журналистикасы және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті Қанат Әуесбай мен Atameken Business Channel телеарнасының бағдарламалар жүргізушісі Ерболат Мұхамеджан.
Сарапшылық комиссияның әрбір мүшесі өз саласының маманы, әрі потенциалды грантиеленушілерінің өтінімдерін үлкен жауапкершілікпен бағалайды.
«Мен үшін сарапшылық комиссиясы мүшесі болу үлкен абырой әрі жауапкершілік. Өз кезегімде гранттарды тағайындау процедурасының максималды ашық әрі таза өтуіне күш пен жігерімді саламын» – деді сарапшылық комиссия мүшесі Қанат Әуесбай.
Конкурс жеңімпаздары 2017 жылдың 10 шілдесіне дейін белгілі болады.
Естеріңізге сала кетсек, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы 2016 жылдың ақпанында құрылған. Қазіргі уақытта мемлекеттік емес ұйымдар 41 грантты іске асыруда. Барлық ақпарат cisc.kz сайтында.