Жарияланған күні: 28.03.2022
Ауыл тұрғындарынан құралған бастамашыл топтың арқасында Ақмола облысына қарасты Қараөткел кентінде балалар спортын дамыту бағытында белсенді жұмыс жүргізілуде.
Спорттық жобаны гранттық қаржыландыру арқылы жүзеге асыру мүмкін болды.
Алтынбек Мәліков жетекшілік еткен бастамашыл топ мемлекеттің қолдауымен Қаратөкел ауылындағы спорт кешенін қажетті саймандармен жабдықтаған болатын.
«Біздің мақсатымыз – балалардың бос уақытын өз денсаулығы үшін пайдалы өткізуіне жағдай жасау. Спорт балаларды ынталандырады, жеңістің «дәмін», өзара бәсекелестікті сезінуге мүмкіндік береді. Мұнда балалар қоян-қолтық күреспен, бокспен айналысады», – дейді жаттықтырушы Алтынбек Мәліков.
Жаттықтырушы балаларды спорттың белгілі бір түріне баулып қана қоймайды. Ол бірінші тәлімгердің жұмысы баланың қабілеттерін дамытуына, өз кәсіби жолын таңдауына ықпал ететіндігіне сенімді.
Алтынбек Мәліковтың 20 жылдай бапкерлік тәжірибесі бар. Ол – бокс пен қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген кезінде үйренген дағдыларды ер азамат өз жұмысында үнемі қолданады.
Бала кезінен спортқа құмар Алтынбек бар білгенімен жасөспірімдермен бөліседі. Оның айтуынша, жақсы тәлімгер адам өмірінде өшпес із қалдырады.
«Біздің жоба балаларды спортпен айналысуға ынталандырды. Кез-келген жаттығулар тұрақты түрде жасалса, денсаулық пен рух нығая түседі. Ауылымызда біздің секцияларымызға деген сұраныс бар. Сондықтан жобамызды биыл да жүзеге асырып отырмыз», – деп түйіндеді Алтынбек Мәліков.
Еске сала кетейік, 2021 жылы Қараөткел ауылы тұрғындары бастамашыл болған жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылған гранттық бағдарламаның жеңімпазы атанған болатын.