АБҚО-ға Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің делегациясы келді

Жарияланған күні: 05.07.2022


Бүгін Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TIKA) өкілдері Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қазіргі қызметімен танысты.
Жұмыс кездесуіне TIKA басшысы Хикмет Өзденоғлу, оның орынбасары Ихсан Эрген, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы басқарма төрағасының м.а. Ғалым Құрман және Орталықтың Даму және ынтымақтастық департаментінің директоры Айгерім Каримова қатысты.
Кездесу аясында үкіметтік емес ұйымдарға арналған Орталық базасында көпфункционалды жұмыс аймағын (коворкинг-кеңістік) жабдықтау мүмкіндіктері талқыланды. Мұндай кеңістік қоғамның өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге арналған азаматтардың бастамаларын іске асыру бағытында шығармашылық және жұмыс процесін ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, келіссөздер барысында халықтың осал топтарын, балалар бастамаларын қолдау бағытында қазақстандық үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттық бағдарламаны құру мүмкіндігі қарастырылды.
Сонымен қатар, тараптар Орталық қызметкерлері, ҮЕҰ өкілдері, сондай-ақ сарапшылар үшін біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыруға қатысты жоспарларды талқылады.
Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TIKA) – Түркия вице-президенті департаментінің бөлімшесі. ТІКА дамушы елдерге ресми көмек ұйымдастырады. Бұл ретте ол түркі елдері мен қауымдастықтарына ерекше көңіл бөледі.