Жарияланған күні: 27.01.2020
Іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Парламенті депутаттары, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің қызметкерлері, АҚДМ-нің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшылары, танымал қоғам қайраткерлері және азаматтық сектор өкілдері қатысты.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев өз сөзінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын енгізу аясында барлық мемлекеттік органдарда бірінші басшыға тікелей бағынатын халықпен жұмыс істейтін бөлімшелер құру жоспарланғанын атап өтті.
«Президенттің бізге жүктеген келесі стратегиялық міндеті – 2020-2023 жылдарға арналған ақпарат саласын дамыту бойынша Ұлттық жоспарды қабылдау», – деді басқарма басшысы.
Дәурен Абаевтың айтуынша, құжатта мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру шаралары қарастырылатын болады. Атап айтқанда, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс тетіктері қайта қаралып, медиа-өлшемдердің өзіндік жүйесі жасалды. Сонымен қатар, Интернет-теледидарды реттеу нормалары әзірленуде.
Азаматтық қоғамды дамыту бағытында министрлік қоғамдық кеңестер туралы заңнамаға өзгерістер енгізуді және «Қазақстан Республикасындағы бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңның қабылдануын қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, министр 2025 жылға дейін Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының дайындалып жатқаны жайлы хабарлады. Бұл құжат коммерциялық емес ұйымдарды құру процесін жеңілдетуге бағытталады. Сонымен қатар, ҮЕҰ-ны мемлекеттік қолдау тетіктерін мемлекеттік қаржыландыру жүйесінің ашықтығын арттыру арқылы дамыту қарастырылып жатыр.
Айта кетейік, биыл министрлік 2030 жылға дейінгі жастар саясаты тұжырымдамасын дайындауды жоспарлап отыр.
Дәурен Абаев орта мерзімді перспективадағы негізгі міндеттердің бірі ретінде діни саланы дамыту жөніндегі стратегиялық құжатты әзірлеу мен қабылдауды атап өтті. Сондай-ақ, Жусан операциясының аясында террористік әрекет аймағынан оралған 100% әйелдерді сауықтыру, Дінтанушылар форумын, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің XIX Хатшылығын өткізу және Алматы қаласында «Нұр-Мүбарак» университетінің жаңа ғимаратының құрылысын бастау міндеті қойылды.
Дәурен Абаевтан бөлек, «Рухани Жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев, қоғам қайраткері Айгүл Соловьева, Өңірлік БАҚ альянсының президенті Ержан Сейтказинов және Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет баяндама жасады.
Алқа отырысын қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев халықтың мемлекет пен үкіметтік емес сектордың қызметі туралы хабардар болуы баспасөз қызметі мен БАҚ жұмысына байланысты екенін атап өтті. Осыған байланысты, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтерінің жұмысына ерекше назар аудару тапсырылды.