«Әлеуметтік жобаларды іске асыру кезінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау қажет етіледі»-Б.Мукина

Жарияланған күні: 06.06.2020


2020 жылдың 5 маусымында Ақтөбе облысына іс-сапары кезінде «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Б. Мукина Облыстық жастар ресурстық орталығында болды.

Кездесуде Б.Мукина Волонтер жылы аясында жүзеге асырылып жатқан 7 жалпыұлттық жобаны қолдауды және жұмыстың бірыңғай форматын жасаудың маңыздылығын, сондай-ақ әр жоба бойынша Ақтөбе облысында үйлестірушілердің тағайындалғанын атап өтті.

«Азаматтық бастамаларды қолдау, әлеуметтік саланы дамытудың өзекті мәселелерін шешуге азаматтық қоғам институттарының әлеуетін тарту маңызды рөл атқарады. Сондықтан, әлеуметтік жобаларды іске асыру кезінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау қажет етіледі» – деді Б. Мукина.

Кездесуге облыстағы жалпыұлттық жобаларды іске асыру бойынша үйлестірушілер, белсенді қалалық волонтерлік және бастамашыл топтардың, үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ жастар ресурстық орталықтарының өкілдері қатысты.

Аталған кездесуде ұлттық жобаларды жүзеге асыру бойынша ағымдағы мәселелер талқыланды.

Кездесу барысында «Birgemiz: Taza Alem» және «Birgemiz:Asyl mura» ұлттық жобаларының үйлестірушілері сөз сөйлеп, жобаларды одан әрі іске асыру жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ, «Birgemiz: Bilim» және «Birgemiz: Qamqor» жобалары бойынша жобалардың тиімділігін арттыру жөнінде жұмысты жандандыру ұсынылды.

Іс-шара қорытындысы бойынша Б.Мукина үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне және волонтерлерге белсенді азаматтық ұстанымдары үшін алғыс білдірді.

Еске сала кетейік, Волонтер жылы аясында 2020 жылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранттық қаржыландыру шеңберінде «Birgemiz:Sabaqtastyq», «Birgemiz:Bilim», «Birgemiz:Qamqor», «Birgemiz:Umit», «Birgemiz:Asyl мura», «Birgemiz: Saulyq» және «Birgemiz:Taza Álem» жалпыұлттық жобалары жүзеге асуда.