Әлеуметтік жобалардың әлеуметтік және экономикалық әсері

Жарияланған күні: 16.10.2020


Фото: ашық интернет желісінен алынды

Бұл туралы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ Басқарма төрайымы Бәтима Мукина фейсбук желісіндегі өзінің парақшасында жазды.

«Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында белсенді азаматтық қоғамды қалыптастыру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажет екенін атап өтті.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы экономиканың квазимемлекеттік секторына жатады. Ол азаматтық қоғамды дамыту саласында көшбасшы елдердің тәжірибесін ескере отырып, қазақстандық ҮЕҰ бастамасы бойынша құрылды. Біз мемлекет алға қойған міндетті үкіметтік емес ұйымдар арқылы жүзеге асырамыз.

Бүгінде Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің қолдауымен біздің орталық ұсынатын гранттық қаржыландыру жыл сайын орта есеппен 80-100 ұйымға түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді (өткен жылы 128 әлеуметтік жоба аяқталды, ал биыл – 119).

Үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру арқылы тікелей қолдаудың өзі экономикалық әсер береді. Ішкі қаржыландыру кезінде 10 пайыз материалдық-техникалық жарақтандыруды қолдауға, яғни бұл ұйымның тұрақтылығына – компьютер, үстел, қажетті техниканы және т.б. сатып алуға жұмсалады. Жаңа жұмыс орындарын ашу, тиісінше еңбекақы төлеу қорына жұмсалатын қаржы. Жобаларды іске асыру үшін қажетті мамандар – есепшілер, жоба жетекшілері, менеджерлер, үйлестірушілер, смм-менеджерлер. Салық төлеу қажет. Сондай-ақ материалдық-техникалық жарақтандырудың 10 пайызы ел экономикасына жұмсалады.

Әлеуметтік әсер жұмыспен қамту және үкіметтік емес ұйымдарды қолдауда ғана көрініс табады деу жаңсақ пікір. Осы 119 әлеуметтік жоба аясында олардан басқа тағы 834 шағын грант жүзеге асырылуда. Яғни, мемлекет үкіметтік емес ұйымдар арқылы еліміздің түкпір-түкпірінде азаматтық бастамаларды іске асыруға көмек көрсетіп жатыр. Шағын гранттар нақты мәселелерге бағытталғандықтан болар, олардың нәтижесі айқын көрінеді. Нақты адамдар көмек алуда.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, әлеуметтік жобаларды іске асыру нақты нәтиже беретінін атап өткім келеді. Үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттің қолы жете бермейтін мәселелерді көтеріп, шешетінін мойындау керек.

ҮЕҰ қызметіне жан-жақты қолдау көрсету қажет деп санаймын. Ортақ мақсатқа жету үшін қосымша артықшылықтар мен арнайы білімді біріктіру қажет.

Биылғы жыл алдыңғы жылдардан ерекшеленеді, өйткені коронавирустық пандемияға байланысты карантин енгізілді. Бірақ барлық карантиндік шараларға қарамастан, біздің орталық өз жұмысын онлайн режимінде жалғастырды, Біз барлық грант алушылармен байланыста болдық, кеңес бердік, жиналыстар өткіздік, мәселелерді талқыладық және шештік.

Біз азаматтық бастамаларды қолдау орталығы ретінде өз жобаларымыздың нәтижелерін көріп отырмыз. Гранттық қаржыландырудан басқа үкіметтік емес ұйымдарды бюджеттік қолдаудың өзге де құралы бар. Бұл – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс. Мүмкін, гранттық қаржыландырудан бөлек барлық әлеуметтік бағдарламаларды іске асырудың тиімділігін, жалпы көзқараспен бірге толық бағалау дұрыс болар.

Бұл жерде үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттің жекелеген функцияларын іске асыру арқылы бюджет процесінің толыққанды қатысушысына айналғанына басты назар аударғым келеді. Осы жұмыстың атқарылу барысын, нәтижесін көру, бақылау  қол жетімді болса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл жерде нақты әлеуметтік жобаларды іске асыруға қатысатын үкіметтік емес ұйымдар өз жұмыстарын дұрыс көрсетіп, қоғам назарына шығара алуы тиіс. Бұл шараны  әлеуметтік желілерде сайт ашу арқылы, бюджет қаражатын пайдаланудың ашықтығын барынша қамтамасыз ету арқылы іске асырған жөн болар.

Мемлекет үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік бастамаларын қолдаса, іске асырылатын жобалардың әлеуметтік тиімділігі де жоғары болатыны анық», – деп жазды Бәтима Мукина.