Жарияланған күні: 16.09.2020
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы еліміздегі гранттық қаржыландырудың жалғыз ұлттық операторы болып табылады және оның миссияларының бірі әлеуметтік жобаларға мониторинг жасау. Мониторинг жобаның іске асырылу барысын оның жоспарына сәйкестігін қадағалау үшін жүргізіледі. Мониторинг процесінде жоспарды түзету қажеттілігі анықталуы мүмкін. Яғни, бұл оның тиімділігін арттыру үшін қажетті құрал.
Биылғы жыл коронавирустық пандемияға байланысты карантин енгізілгендіктен, өзге жылдардан ерекше болды. Бірақ барлық карантиндік шараларға қарамастан, біздің орталық өз жұмысын онлайн режимінде жалғастырды, Біз барлық грант алушылармен байланыста болдық, кеңес бердік, жиналыс өткіздік, мәселелерді талқыладық және шешуге атсалыстық.
Карантиндік шаралардың жеңілдетілуіне байланысты “Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы” КЕАҚ қызметкерлері бүкіл Қазақстан бойынша әлеуметтік жобалардың іске асырылуын бақылау мақсатында көшпелі мониторинг жүргізе бастады.
Мониторинг жүргізудегі біздің мақсатымыз: бірінші – жобаны іске асыру барысында түсіндіру жұмыстарын жүргізу және жәрдемдесу, сондай-ақ бөлінген гранттық қаражат бойынша есептерді дұрыс жасау бөлігінде барынша жәрдемдесу және түсіндіру. Екінші – грант алушылардың кеңселеріне бару, командамен танысу, нақты іс-шараларға қатысу.
Мысалы, кеше үш ұйымның кеңсесінде болдық, олар: “Түркістан облысында “бір терезе” қағидаты бойынша ҮЕҰ-ға қолдау көрсету үшін азаматтық орталықты ұйымдастыру және дамыту” жобасын іске асыратын “Береке” ҚБ, Шымкент қаласында осыған ұқсас жобаны іске асырып жатқан “Үміт” ҚБ және “Түркістан облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру жөніндегі іс-шараларды өткізу” РҚБ.
“Birgemiz: Saýlyq” жалпыұлттық жобасын іске асыру жобасы аясында “Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығы” қоғамдық бірлестігіне (Ақтөбе филиалы), сондай – ақ “Жас заңгерлер достастығы” ҚҚ мен “Салауат” Шығыс Қазақстан жастар қоғамдық бірлестігіне көшпелі мониторинг жүргізілді.
Жүргізілген көшпелі мониторинг шеңберінде біздің әріптестеріміз “Қостанай облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша іс-шараларды өткізу” жобасы бойынша “Қостанай облысының тұтынушылардың құқықтарын қорғау одағы” ҚБ жобалық командасына барды.
14 қыркүйекте “А.Байтұрсынұлы Білім Академиясы” мекемесінде Түркістан, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарындағы “Birgemiz: Bilim” жалпыұлттық жобаларына мониторинг жүргізілді.