Жарияланған күні: 17.08.2020
Үкіметтік емес ұйымдарға грант берілуі қоғамның үлкен қызығушылығын тудырып отыр. Өйткені, жобаларды жүзеге асыру үшін қомақты сома бөлінеді. Осыған байланысты гранттық қаржыландыру операторы, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басқарма төрайымы Бәтима Мукина гранттардың қалай тағайындалатыны, гранттарды берудің ашықтығы қалай қамтамасыз етілетіні туралы айтып берді және осы тақырып бойынша өзекті сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды “ҚазАқпарат”ХАА тілшісі.
ҚазАқпарат тілшісімен телефон арқылы сөйлескенде, ол қандай да бір ұйымға грант беру барысында қандай жағдайлар есепке алынатынын түсіндірді.
“ҮЕҰ-ға гранттық қаржыландыруға өтінім берудің құқықтық өрісін реттейтін екі нормативтік-құқықтық құжат бар: “Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» ҚР Заңы және Гранттар беру ережелері.
Конкурсты өткізу ережелері екі кезеңнен тұрады: техникалық кезең және жобаның контенттік бөлігін бағалау. Гранттық қаржыландыру операторы ретінде біз техникалық бөлімді тексеруге баса назар аударамыз: құжаттардың толық пакеті ұсынылды ма, бұдан басқа, ұйым ҮЕҰ дерекқорында болуы және есепті уақтылы тапсыруы тиіс. Үкіметтік емес ұйым грант берудің тиісті жоспары бойынша нормативті орындауы тиіс. Егер Ережеде қаржыландыру сомасы 5 млн теңге болатын әлеуметтік жоба көрсетілсе, онда ҮЕҰ бұл лимиттен аспауы тиіс. Егер бұл сомадан жоғары болған жағдайда, онда біз өтінімді қабылдай алмаймыз, өйткені бұл гранттық қаржыландыру жоспарынан асып кететіндіктен ережені бұзу дегенді білдіреді. ҮЕҰ жарғылық қызметі грант тақырыбына сәйкес болуы тиіс. ҮЕҰ-дың жастар саясатына қатысты жарғы бойынша жұмыс істеуіне жол берілмейді, бірақ ол тұтынушылардың құқықтарын қорғау жобасын іске асырғысы келеді делік. Көбіне осындай ұйымның өтінішін қанағаттандырудан бас тартылады. Бұл іріктеудің бірінші кезеңінің негізгі критерийлері”, – деп түсіндірді Бәтима Мукина.
Оның айтуынша, екінші кезеңде сараптамалық комиссия қосылады. Ол үкіметтік емес ұйым ұсынатын әлеуметтік жобаның мазмұнын, логикалық моделін бағалайды. Бұл процесс үшін арнайы біліктілігі мен тәжірибесі бар нақты сарапшылар жауап береді. Сарапшылар жұмыстың маңыздылығына, нәтижеге қол жеткізуге, әлеуметтік жобаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге назар аударады. Сонымен қатар, сарапшы шығындар сметасы мен оның негізділігін бағалайды. Ал ҮЕҰ өзінің әлеуметтік жобасын нақты белгіленген мерзімде іске асыру мүмкіндігін бағалайды.
“Біз әлеуметтік жобаны іске асыру кезінде жобаны іске асыру бойынша алынатын тиімділікке, үнемділікке, нәтижелілікке және әлеуметтік тиімділікке баса назар аударамыз”, – деп толықтырды ол.
Жасыратыны жоқ, кейбір үкіметтік емес ұйымдар бірнеше жоба бойынша гранттарды жеңіп алады, ал кейбіреулері еш нәтижеге қол жеткізе алмайды. Батима Мукина бұл мәселені қалай реттеуге болатынын айтты.
“Бұл бізде бар проблема. Барлық үкіметтік емес ұйымдар үшін гранттарға тең қолжетімділік берілді. Тәжірибе көрсеткендей, ҮЕҰ белгілі бір тақырып бойынша бір грант алып, басқа жобаларға қызығушылық танытады. Олар өздерінің мүмкіндіктерін біледі және жаңа бағыттарды игеру үшін жаңа жобаларға қызығушылық таныта бастайды. Бір ұйым түрлі жобалар бойынша бірнеше грант ұтып алған жағдайлар да орын алған. Біз ҮЕҰ бірнеше бағыт бойынша грант ұтып алған кезде жобалардың бірі зардап шегетінін байқаймыз. Мысалы, бір жоба кәсіби деңгейде жүзеге асырылады, ал екінші жобаны іске асыру барысында уақыт пен сапасына қатысты ауытқулар орын алуы мүмкін. Сондықтан қазір біз гранттық қаржыландыру ережелеріне өзгерістер енгізу, үкіметтік емес ұйымдарға грант беруді шектеу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл проблеманы шешу үшін қолданыстағы нормаларға өзгерістер енгізу қажет болады. Жыл соңына дейін бұл мәселе пысықталады деп ойлаймын. Және де мұндай жағдайлар ендігі орын алмайтын болады”, – деді ол.
Сондай-ақ, Бәтима Мукина үкіметтік емес ұйымдар жүзеге асыратын өзекті және қызықты жобалар туралы айтып берді.
“Мен ауылдық ҮЕҰ-дың әлеуетін арттыруға бағытталған жобаларға жеке тоқталып өтсем деп едім. Әр өңірде гранттық жобалар аясында 500 мыңнан 8 шағын грант бөлінді. Мектептердің жанында балалар алаңдары бұрын болмаған еді – салынды, балаларға арналған массаж кабинеттері, қарттарға арналған компьютерлік кабинеттер ашылды. Яғни, ата-әжелер де компьютерлік сауаттылық және басқа жобаларға қатысуға мүмкіндік алды. Бір жыл өтті, бұл жобалардың тұрақтылығы байқалуда”, – деп атап өтті Бәтима Муқина.
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мәліметінше, биыл бөлінген сома өткен жылмен салыстырғанда біршама аз. Бүгінгі таңда 107 жоба іске асырылуда, бұл ретте олардың саны 120-ға дейін артады деп күтіліп отыр.
“Пандемия мен қабылданған шараларға байланысты бюджет қысқартылды. Шетелдік іссапарлармен байланысты екі жоба жабылды, қаражатты бюджетке қайтарамыз, бұл шамамен 40 млн теңге”, – деп түсіндірді ол.
Телефон арқылы әңгімелесу барысында Бәтима Мукина үкіметтік емес ұйымдарға гранттарды тиімді пайдалануға қатысты бірқатар ұсыныстар берді.
“Ең бастысы – әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру барысында бытыраңқылықтан аулақ болып, бір әлеуметтік жобаға шоғырлану қажет. Басты назарды жобалық командаға аудару қажет дер едім. Егер сіздің жақсы жобалық тобыңыз, жақсы жазылған жоспарыңыз болса, әлеуметтік жоба 90% сәтті болмақ. Екінші өте маңызды сәт – басқа өңірде іске асырылып жатқан әлеуметтік жобаларға өтінім бермеу. Елордада тұрып, Атырау облысында грант ұтып алып, жобаны іске асыру процесін бақылау қиын. Сіз басқа өңірдегі соңғы игілік алушылармен байланыс орната алмайсыз, жергілікті халықтың қажеттілігін білмейсіз. Мұның бәрі жобаны іске асыру барысында оның сапасына әсер етеді”, – деген пікірде Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басқарма төрайымы.
“Біздің серіктестеріміз әртүрлі мәселелер бойынша жүгінеді. Әрбір үкіметтік емес ұйымның өз бастамасы бар. Көбінесе олар өз жобаларын қаржыландыру мәселелері бойынша бізге жүгінеді. Біз грант беру байқауына қатысуды ұсынамыз. ҮЕҰ өтінім беру бойынша көмекке мұқтаж болса, біз әрдайым ашықпыз, кеңес беруге дайынбыз. Осы мақсатта ашық есік күнін өткізіп, мәселені шешу үшін өңірлерге барамыз. Үшінші мәселе гранттардың қалай жүзеге асырылатынына қатысты. Кейбір ҮЕҰ алғаш рет грант иегері атанады, сондықтан есеп беру барысында белгілі бір проблемаларға тап болады. Біз олармен жиі кездесіп, сараптамалық дөңгелек үстелдер және өзара қарым-қатынастың өзге де ықтимал нұсқаларын өткіземіз”, – деп түсіндірді ол.
Кездесу соңында Бәтима Мукина үкіметтік емес ұйымдарға грант берудің ашықтығын қалай қамтамасыз ету керектігін айтты.
“Гранттық қаржыландыру рәсімі ашық және заңнамамен бекітілген нормаларға сәйкес жүргізіледі. Бұдан басқа, адами фактор барынша азайтылатын ақпараттық платформаны енгізу қажет. Мұндай платформа әзірленіп жатыр, бұл процесті жеделдету қажет. Конкурстық рәсімдер ашық өтуі үшін тиімділікті белгілі бір мерзіммен байланыстыру керек. Ашықтық тұрғысынан көптеген сұрақтар бар, өйткені оператор ғана емес, сонымен қатар сараптамалық бағалау да қатысады. Сараптамалық бағалауға 15 сарапшыға дейін қатысады, олар өтінімдерді өздері бағалайды. Сарапшы болу оңай емес. Ол үшін дағды, өзіндік логикалық модель, өзіндік көзқарас болуы керек, бағалау үшін білім өте маңызды. Сарапшыларды осы дағдыларға үйрету керек деп ойлаймын. Ол үшін Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы әлеуметтік жобалар бойынша сертификатталған сарапшылар институтын енгізуді ұсынады”, – деп түйіндеді ол.