Жарияланған күні: 16.06.2017
Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне коммерциялық емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы ҚР Парламентінің Мәжілісінің қарауына енгізілді.
Бұл туралы бүгін ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың халықпен есеп беру кездесуінде айтылды.
Министрлік мақсатты топтардың қажеттіліктерін, ҮЕҰ ұсыныстарын зерделеу және талдау негізінде мемлекеттік тапсырыс қалыптастыру үдерісіне ортақ тәсілдерді айқындауды ұсынады.
Жаңа енгізілім аясында азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік тапсырыс тақырыптарын әзірлеуге қатысу мүмкіндігі беріледі. Үкіметтік емес ұйымдардың барлық әлеуметік жобаларды жүзеге асыруы туралы ақпарат та жұртшылыққа қол жетімді болады.
«Мемлекеттік тапсырыс ҮЕҰ қызметтерін төлеуге ғана мүмкіндік береді, алайда олардың кадрлық және материалдық ресурстарын нығайтуға мүмкіндік бермейді. Өткен жылы гранттық қаржыландыру туралы нормаларды енгізгеннен кейін ғана біз осындай мүмкіндікке ие болдық», – деді өз сөзінде Нұрлан Ермекбаев.
2016 жылы гранттар бойынша жалпы сомасы 208 миллион теңгеге 11 жоба жүзеге асырылды.
2017 жылы гранттық қаржыландыру шамамен 3 есеге артып, 650 миллион теңгеге жетті. ҮЕҰ ұсыныстарын ескере отырып, тақырыптар ауқымы кеңейді.
2016 жылы барлық жобаның республикалық деңгейде ғана болғандығы айтылуда. Биылдан бастап гранттардың үштен бір бөлігі аймақтардағы жұмыстар мен жергілікті қоғамдастықтарды дамытуды қамтиды.