- Үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру саласындағы Оператор
«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Оператор) – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1192 қаулысына сәйкес үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру саласындағы оператор болып табылатын коммерциялық емес ұйым.
- Конкурс туралы
Оператор Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша 2023 жылға арналған үкіметтік емес ұйымдарға (бұдан әрі – ҮЕҰ) мемлекеттік гранттар беруге Конкурс жариялайды. Конкурс азаматтық бастамаларды қолдау, азаматтық қоғам институттарының әлеуетін «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мен сыйлықақылар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң), Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2022 жылғы 26 қыркүйектегі № 406 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік гранттарды қалыптастыру, беру, мониторингтеу және олардың тиімділігін бағалау қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) сәйкес әлеуметтік саланы дамытудың өзекті мәселелерін шешуге тарту мақсатында өткізіледі.
Гранттар беруге Конкурс:
- қысқа мерзімді/орта мерзімді гранттар бойынша бір кезеңде (конкурсқа қатысуға өтінімдер беру, сараптама комиссиясы мүшелерінің өтінімдерді қарауы және бағалауы);
- ұзақ мерзімді гранттар бойынша екі кезеңде (конкурстың екінші кезеңінде өтініш берушілер оператор әзірлеген кестеге сәйкес сараптама комиссиясының алдында өз өтінімдерін ұсынады және қорғайды) өткізіледі.
- Өтінімдерді қабылдаудың аяқталу күні мен уақыты. Өтінімдерді жіберу қажет пошталық және электрондық мекенжайлар
Өтінімдерді қағаз немесе электрондық жеткізгіштерде Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қ., Есіл ауданы, Қабанбай батыр даңғылы, 11/5, «Нұрлы Орда» БО, 5-қабат, 504/3 кабинетке және grants@cisc.kz электрондық поштасына жолдау қажет.
Өтінімдерді пошта байланысы арқылы және (немесе) қолма-қол тапсырылу кезінде құжаттар тігіледі және өтініш беруші басшысының не оның орынбасарының мөрімен (бар болса) және қолымен бекітіледі.
НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ!!!
ӨТІНІМДЕР ОПЕРАТОРҒА:
- ҚЫСҚА МЕРЗІМДІ/ОРТА МЕРЗІМДІ ГРАНТТАР БОЙЫНША 2023 ЖЫЛҒЫ «12» ҚАҢТАР МЕН «1» АҚПАН АРАЛЫҒЫНДА АСТАНА УАҚЫТЫ БОЙЫНША САҒАТ 18:30-ҒА ДЕЙІН;
- ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ ГРАНТТАР БОЙЫНША 2023 ЖЫЛҒЫ «12» ҚАҢТАР МЕН «15» АҚПАН АРАЛЫҒЫНДА АСТАНА УАҚЫТЫ БОЙЫНША САҒАТ 18:30-ҒА ДЕЙІН ЕНГІЗІЛЕДІ.
КӨРСЕТІЛГЕН МЕРЗІМДЕРДЕН КЕЙІН, ОНЫҢ ІШІНДЕ ПОШТА БАЙЛАНЫСЫ АРҚЫЛЫ ЕНГІЗІЛЕТІН ӨТІНІМДЕР ҚАРАЛМАЙДЫ.
Оператордың өтінімдерді қабылдау уақыты: дүйсенбі мен жұма аралығында Астана қ. уақыты бойынша сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін (түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін).
Конкурсқа қатысу үшін өтінім беруші өтінімді мынадай тәсілдердің бірімен енгізеді:
- қағаз тасымалдағышта пошта байланысы арқылы немесе қолма-қол, тігілген және басшының не оның орынбасарының мөрімен және қолымен бекітілген өтінім және мемлекеттік гранттың таңдалған басым бағыты, өтініш берушінің атауы мен байланыстары көрсетілген өтінімнің қайталанған түрі міндетті түрде мұрағатталған бірыңғай WinRar, WinZip файлында PDF және MS Word форматында grants@cisc.kz электрондық поштасына енгізіледі;
- электрондық тасымалдағышта мұрағатталған бірыңғай WinRar, WinZip файлында PDF және MS Word форматында пошта байланысы арқылы немесе қолма-қол енгізіледі, өтінімнің қайталанған түрі міндетті түрде гранттың таңдалған тақырыбын, өтініш берушінің атауын және байланыстарын көрсете отырып, grants@cisc.kz электрондық поштасына жіберіледі;
- таңдалған грант тақырыбы, атауы және өтініш берушінің контактілері көрсетілген мұрағатталған WinRar, WinZip файлында PDF және MS Word форматындағы өтінім электрондық форматта grants@cisc.kz электрондық поштасына жіберіледі.
- Конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттардың тізбесі:
Конкурсқа қатысу үшін гранттың түріне (қысқа мерзімді/орта мерзімді және ұзақ мерзімді) байланысты өтініш беруші қабылдау аяқталған күн мен уақыттан кешіктірмей операторға растайтын құжаттарды қоса отырып, Қағидаларға 7, 9-қосымшаларға сәйкес нысан бойынша қазақ немесе орыс тілдерінде өтінім енгізеді:
1) құрылтай құжаттарының көшірмелері;
2) ұйымның соңғы есепті күнгі бухгалтерлік балансы;
3) тартылатын серіктестердің тізбесі және көрсетілген серіктестердің ұсынылатын әлеуметтік жобаға қатысуға келісімі;
4) өтініш берушінің жеке салымы немесе әлеуметтік жобаны қаржыландырудың басқа көздері болған кезде растайтын құжаттар;
5) ұзақ мерзімді жобаларды іске асыру үшін қажетті материалдық-техникалық базаның болуын растайтын құжаттар.
Сонымен қатар, әлеуметтік жобаны сараптама комиссиясы Қағидаларға 8 және 10-қосымшаларда көзделген бағалау критерийлері бойынша бағалайтынына назар аударамыз.
Конкурстық комиссияның іріктеу процесімен және қызметімен Ережеде толығырақ танысуға болады.
Оператордың қызметкерлері өтінімдерді қабылдаудың барлық уақытында кеңес береді. Қосымша ақпарат пен түсініктеме алу үшін Оператордың мемлекеттік гранттық қаржыландыру жөніндегі жобалық кеңсесіне (7172) 79-08-28, (7172) 79-08-04, (7172) 79-08-07 телефондары арқылы хабарласқан жөн.
- Оператор келесі жағдайларда конкурсқа қатысудан бас тартады және өтініш берушіге тиісті хабарлама жібереді:
1) өтінім осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмеген жағдайда;
2) өтінім мемлекеттік гранттардың басым бағыттарының бекітілген тізбесіне сәйкес келмегенде;
3) өтініш берушінің жарғылық мақсаты мемлекеттік гранттың басым бағытына сәйкес келмегенде;
4)Заңның 6-1-бабының 4-тармағына сәйкес Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорында өтініш беруші туралы мәліметтер болмағанда;
5) егер өтініш беруші тарату процесінде болса;
6) егер өтініш беруші банкрот деп танылса;
7) егер өтініш берушінің атқарушылық іс жүргізу бойынша берешегі бар болса;
8) егер өтініш беруші мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде тұрса;
9) егер өтініш берушінің мүлкіне тыйым салынса;
10) егер өтініш берушінің экономикалық қызметі тоқтатыла тұрған болса;
11) егер өтініш берушінің басшылары, құрылтайшылары мемлекеттік органның және (немесе) оператордың уәкілетті адамдарының жұбайы (зайыбы), жақын туыстары, жекжаттары болып табылса;
12) егер өтініш берушінің басшылары, құрылтайшылары террористік әрекетке қатысы бар адамдардың тізіміне, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесіне және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесіне енгізілген болса.
Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранттардың 2023 жылға арналған басым бағыттарының бекітілген тізбесінде көзделген мемлекеттік гранттың басым бағыты бойынша конкурс мынадай себептердің бірі бойынша өтпеді деп танылады:
1) конкурсқа қатысуға ұсынылған өтінімдер болмағанда;
2) конкурсқа қатысуға өтінімдердің бір де біреуі жіберілмегенде;
3) конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаздар болмағанда.
- Басым бағыттардың бекітілген тізбесі
Конкурс Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің м.а. 2022 жылғы «30» желтоқсандағы № 571 бұйрығымен бекітілген Үкіметтік емес ұйымдар үшін 2023 жылға арналған мемлекеттік гранттардың басым бағыттарының тізбесі негізінде өтеді.
Бұйрықтың және қосымшаларының көшірмесі Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің https://www.gov.kz/memleket/entities/akk/documents/details/395539?lang=ru ресми сайтында орналастырылған.