«АЗАМАТТЫҚ БАСТАМАЛАРДЫ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ» КЕАҚ «МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ, АРХИВТЕР ЖӘНЕ ҚҰЖАТТАМА БАСҚАРМАСЫ» ММ ТАПСЫРЫСЫ БОЙЫНША ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРҒА АРНАЛҒАН МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТТАРДЫ БЕРУГЕ КОНКУРС ЖАРИЯЛАЙДЫ
- Үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру саласындағы Оператор
«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Оператор) – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1192 қаулысына сәйкес үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру саласындағы оператор болып табылады.
- Конкурс туралы
Оператор «Маңғыстау облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» ММ тапсырысы бойынша үкіметтік емес ұйымдарға (бұдан әрі – ҮЕҰ) 2024 жылға арналған мемлекеттік гранттар беруге Конкурс жариялайды.
Конкурс «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 12 сәуірдегі №36 Заңына (бұдан әрі – Заң), Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2022 жылғы 26 қыркүйектегі №406 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік гранттарды қалыптастыру, беру, мониторингтеу және олардың тиімділігін бағалау қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) (сілтеме: adilet.zan.kz/kaz/docs/V2200029848) сәйкес азаматтық бастамаларды қолдау, азаматтық қоғам институттарының әлеуетін әлеуметтік саланы дамытудың өзекті мәселелерін шешуге тарту мақсатында өткізіледі.
- 2024 жылға мемлекеттік гранттар беруге арналған Конкурс мынадай басым бағыттар бойынша жарияланады:
№ | Заңның 5-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік грант саласы | Мемлекеттік гранттың басым бағыты | Мәселенің қысқаша сипаттамасы | Қаржыландыру көлемі (мың теңге) | Грант түрі | Нысаналы индикатор |
1 | Мәдениет пен өнерді дамыту | Жыр жанры бағытындағы жас таланттарға қолдау | Аймақта дала фольклоры мен музыкасының негізінде жыр, терме, қисса, дастан, эпостарды ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен жаңаша форматта сақтау бойынша бірқатар шаралар қолға алынған. Мәселен, 2020 жылы аймақтағы өнерпаздардың жыршылық-орындаушылық шеберлігін насихаттауға бағытталған maqamsaz.kz сайты мен мобильді қосымша пайдалануға берілген. Аталған сайтта 50 автор мен 60 орындаушының 200-ге жуық шығармасы қамтылған.
Сонымен қатар, өткен жылы аталған бағытта аймақта жоба жүзеге асып, өңір жыршыларын қолдауға арналған іс-шаралар ұйымдастырылды. Дегенмен, өңірдегі жас орындаушылардың яғни жыршылардың кәсіби деңгейін көтеру және шығармашылық мәдениетін дамыту бойынша кешенді іс-шараларды ұйымдастыру қажеттілігі туындап отыр. Аймақтағы жыр жанры бағытындағы жас таланттарды анықтау, қолдау және оларды ынталандыру бойынша жүйелі іс-шаралары атап айтқанда жас жыршылардың республикалық додасын, олардың шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған шеберлік сағаттарын ұйымдастыру және Маңғыстау облысының мақамшы-сазгерлері каталогын әзірлеуді ұйымдастыру қажет. |
8369,0 | Қысқа мерзімді
1 грант |
Нысаналы индикатор:
Маңғыстау облысындағы кемінде 50 жыршы, жыраудың кәсіби біліктілігін арттыру
Күтілетін нәтижелер: 1) Маңғыстау облысының кемінде 5 жыршысының және еліміздегі өзге өңірлерден кемінде 5 жыршысының қатысуымен жас жыршылардың республикалық шарасын ұйымдастыру. 2) Маңғыстау облысының мақамшы-сазгерлері каталогының кемінде 50 данасын әзірлеу және басып шығару; 3) Маңғыстау облысындағы кемінде 50 жыршыны қатысуымен республикаға танымал жыршылардың шеберлік сағатын (жыршылықтың кейпі, жыр күйлері, мақам-саздар, жыр саздарының түрлері мен қайырма, қайырымдары) ұйымдастастыру; 4) Жоба шеңберінде кешенді ақпараттық жұмысты ұйымдастыру (кемінде 1500 адамды ақпараттық қамту) |
2 | Мәдениет пен өнерді дамыту | Дәстүр жалғастығы | Аймақтағы мәдениет саласының басым бағыттарының бірі – қазақтың ұлттық дәстүрлері мен мәдени мұрасын жаңғырту болып табылады.
Маңғыстау облысы көшпенділер өркениетінің өнер туындысы – киіз үйді құру және жығу, оның жабдықтарын жасау дәстүрін сақтаған аз аймақтың бірі. Аймақтағы мәдениет саласының майталмандарының бастамасымен 2012 жылы «Қазақтың киіз үйі» ЮНЕСКО-ның «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары» көрнекті тізіміне енді. Бүгінде аталған мәдени мұраны өскелең ұрпаққа жеткізу өзектелігі артып келеді. Сондай-ақ қазақ әйелдерінің киіз үйді жабдықтаудағы қолөнер шеберлігін насихаттау, отбасылық және туыстық қарым-қатынасты нығайтудағы ұмыт болған салт-дәстүрлерді қайта жаңғырту ерекше маңыздылыққа ие. Қазіргі таңда азаматтардың бойында ұлттық құндылықтарды насихаттау бойынша кешенді іс-шараларды атап айтқанда жергілікті шеберлердің киіз үйді жабдықтауын үйрету, насихаттау және қазақ келіндерінің болмысын ашу әрі дәріптеу бойынша іс-шараларды ұйымдастыру қажеттілігі туындап отыр.
|
9 226,8 | Қысқа мерзімді 1 грант | Нысаналы индикатор:
Маңғыстау облысында ұлттық дәстүрді насихаттау деңгейін арттыру мақсатында кемінде 300 тұрғынды қамту арқылы мәдени іс-шаралар ұйымдастыру
Күтілетін нәтиже: 1) Маңғыстау облысында отбасы құндылықтарының, қазақ келіндерінің оның ішінде абысындар үлгісін насихаттауға бағытталған кемінде 300 адамның қатысуымен 1 республикалық іс-шара ұйымдастыру; 2) Республикалық шара аясында Аймақтағы кемінде 100 қала тұрғынының қатысуымен ауыл-аймақта Маңғыстау киіз үйін, оның құрылуы мен жиналуы жөнінде ақпарат беретін 1 күндік 1 шеберлік сағатын ұйымдастыру және кемінде 3 әлеуметтік желіде ақпараттық жұмысты ұйымдастыру; 3) Қазақ келіндерінің оның ішінде абысындар үлгісін насихаттауға бағытталған республикалық іс-шараға кемінде 7 адамнан тұратын аймақтық делегацияның барып-келуін қамтамасыз ету |
3 | Мәдениет пен өнерді дамыту | Суретшілер экпедициясын ұйымдастыру | Маңғыстау облысында аймақтың географиялық орналасуы бойынша орталықтан қашықтығына карамастан республиканың және әлемнің мәдени өміріне етене араласуына мүмкіндік беруге бағытталған нақты іс-шаралар жолға қойылған. Мәселен, 2022 жылы аймақ суретшілерінің кәсіби және шығармашылық біліктілігін арттыруға бағытталған «Жеті түс» бейнелеу өнерін дамыту» жобасы іске асып, 100-ге жуық суретші Өзбекстан және Қырғызстан Республикасының суретшілерінің, Алматы және Астана қаласының танымал суретшілірінің шеберлік сағатына қатысуға мүмкіндік алды. 2023 жылы аймақ суретшілері тәжірибе алмасу және еліміздің мәдени қорын сақтауға бағытталған «Отпантаудан Ұлытауға дейін» суретшілер экспедициясы ұйымдастырылып, кемінде 4 өңірдің сакральды орындарында болып, плэнер ұйымдастырылды. 2022-2023 жылдары аймақ суретшілерінің шығармашылық әлеуетін таныстыру мақсатында Астана қаласында өңір суретшілерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Қазіргі таңда аталған бағыттағы жүйелі жұмысты сапалы ұйымдастыру еліміздің креативті индустриясы саласының мәдени эскпорты ретінде аймақ суретшілерінің туындыларын Орта Азия елдеріне таныстыру, өңіраралық мәдени қарым-қатынасты одан әрі нығайту қажет.
|
9 570,5 | Қысқа мерзімді 1 грант | Нысаналы индикатор:
Маңғыстау обысындағы кемінде 10 суретшіге арналған халықаралық мәдени сапарын ұйымдастыру
Күтілетін нәтиже: 1) Маңғыстау облысының кемінде 10 суретшісінің қатысуымен Өзбекстан Республикасына шетелдік плэнер мен шеберлік сағаттар сериясын ұйымдастыру; 2) Шетелдік сапар аясында ұсынылған туындылардың кемінде 2 аймақтық көрмесін ұйымдастыру |
4 | Мәдениет пен өнерді дамыту | Айтыс жанрымен айналысып жүрген талантты жастарға қолдау көрсету | Еліміздің қоғамдық-әлеуметтік өмірінде, азаматтардың қоғамдық санасын қалыптастыруда айтыс өнері жоғары маңызға ие. Қазіргі таңда аталған дәстүрлі өнер азаматтардың бойында азаматтық және қоғамдық пікір қалыптастыруға, ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді талқыға салуға ықпал етіп отыр.
Маңғыстау облысында 35-ке жуық жас айтыскерлер бар. Аймақта айтыс өнерін насихаттау арқылы ұлттық құндылықтарды қалыптастыру жұмыстары жолға қойылған. Дегенмен, жас ақындардың ақындық шеберлігін шыңдау, олардың бәсекеге қабілеттігін арттыру үшін жүйелі жұмысты ұйымдастыру қажет. Сондай-ақ аймақтағы жас ақындардың республикалық байқауларға қатысу арқылы кәсіби шыңдалуына жағдай жасау, жас ақындардың қоғамдық мәртебесін арттырға бағытталған іс-шараларды сапалы әрі жүйелі ұйымдастыру қажеттілігі туындап отыр. |
9 750,7 | Қысқа мерзімді 1 грант | Нысаналы индикатор:
Маңғыстау облысындағы айтыс өнерінің дамуын ілгерілету мақсатында кемінде 30 жас ақынның шыңдалуына қолдау көрсету
Күтілетін нәтиже: 1) Заманауи медиа технологияларды пайдалана отыра аймақтағы жас ақындардың ақындық шеберлігінің шыңдалуына, көпшілікке танылуына жағдай жасау және кемінде 2 әлеуметтік желіде кешенді ақпараттық жұмысты ұйымдастыру; 2) Маңғыстау облысында айтыс өнерін халыққа жан-жақты насихатталуына ықпал ету мақсатында 1 аймақтық шара ұйымдастыру; 3) Маңғыстау облысындағы кемінде 30 айтыскер ақындарының қатысуымен 4 шеберлік сағатын ұйымдастыру; 4) Аймақтың 4 ақынын республикалық ақындар айтысына қатысуды қамтамасыз ету 5) Жоба шеңберінде кешенді ақпараттық жұмысты ұйымдастыру (кемінде 10000 қаралым жинау)
|
БАРЛЫҒЫ | 36 917,0 |
- Қандай үкіметтік емес ұйымдар конкурсқа қатыса алмайды
Төмендегідей нысанда құрылған коммерциялық емес ұйымдар конкурсқа қатыса алмайды:
1) саяси партиялар;
2) кәсіптік одақтар;
3) діни бірлестіктер;
4) дербес білім беру ұйымдары;
5) дербес кластерлік қорлар;
6) нотариаттық палаталар;
7) адвокаттар алқасы;
8) адвокаттық кеңселер;
9) Заң консультанттарының республикалық алқасы;
10) Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы;
11) Қазақстан Республикасының Сот сарапшылары палатасы;
12) Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы;
13) Қазақстанның Төрелік палатасы;
14) кәсіби аудиторлық ұйымдар;
15) аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңес;
16) көппәтерлі тұрғын үйлердің мүлкі меншік иелерінің бірлестіктері.
- Қағидалардың 39–тармағына сәйкес Оператор келесі жағдайларда конкурсқа қатысудан бас тартады және өтініш берушіге тиісті хабарлама жібереді:
1) өтінім Қағидалардың талаптарына сәйкес келмесе;
2) өтінім мемлекеттік гранттардың басым бағыттарының бекітілген тізбесіне сәйкес келмесе;
3) өтініш берушінің жарғылық мақсаты гранттардың басым бағытына сәйкес келмесе;
4) Заңның 6-1-бабының 4-тармағына сәйкес Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорында (сілтеме: infonpo.gov.kz) өтініш беруші туралы мәліметтер болмаса;
5) егер өтініш беруші тарату процесінде болса;
6) егер өтініш беруші банкрот деп танылса;
7) егер өтініш берушінің атқарушылық іс жүргізу бойынша берешегі болса;
8) егер өтініш беруші мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде тұрса;
9) егер өтініш берушінің мүлкіне тыйым салынса;
10) егер өтініш берушінің экономикалық қызметі тоқтатыла тұрса;
11) егер өтініш берушінің басшылары, құрылтайшылары мемлекеттік органның және (немесе) оператордың уәкілетті адамдарының жұбайы (зайыбы), жақын туыстары, жекжаттары болып табылса;
12) егер өтініш берушілердің басшылары, құрылтайшылары террористік қызметке қатысы бар адамдардың тізіміне, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесіне және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесіне енгізілсе.
- Гранттардың басым бағыты бойынша Конкурс мынадай негіздердің бірі бойынша өтпеді деп танылады:
1) конкурсқа қатысуға ұсынылған өтінімдер болмағанда;
2) конкурсқа қатысуға өтінімдердің бірде-біреуі жіберілмегенде;
3) конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаздар болмағанда.
- Өтінімдерді қабылдаудың аяқталу күні мен уақыты
Өтінімдер Операторға мынадай мерзімдерде енгізіледі:
ҚЫСҚА МЕРЗІМДІ ГРАНТТАР БОЙЫНША 15 (ОН БЕС) ЖҰМЫС КҮНІ ІШІНДЕ 2024 ЖЫЛҒЫ «26» АҚПАН МЕН «18» НАУРЫЗ АРАЛЫҒЫНДА АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ УАҚЫТЫ БОЙЫНША САҒАТ 18:30-ҒА ДЕЙІН;
КӨРСЕТІЛГЕН МЕРЗІМДЕРДЕН КЕШІКТІРІЛІП, ОНЫҢ ІШІНДЕ ПОШТА БАЙЛАНЫСЫ АРҚЫЛЫ ЖӘНЕ/НЕМЕСЕ ҚОЛМА-ҚОЛ ЖӘНЕ/НЕМЕСЕ ЭЛЕКТРОНДЫҚ ПОШТА АРҚЫЛЫ ЕНГІЗІЛГЕН ӨТІНІМДЕР ҚАРАЛМАЙДЫ.
- Өтінімдер жіберілетін пошталық және электрондық мекенжайлар
Конкурсқа қатысу үшін өтінім беруші өтінімді мынадай тәсілдердің бірімен енгізеді:
Өтінімдер беру тәсіліне байланысты пошта байланысы арқылы немесе қолма-қол немесе веб-портал арқылы қағаз немесе электрондық тасымалдағышта беріледі:
1) қағаз нұсқада өтінімдер мемлекеттік гранттың таңдалған басым бағыты, өтініш берушінің атауы мен байланыстары көрсетіле отырып, пошта байланысы арқылы немесе қолма-қол мына мекенжай бойынша қабылданады: Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 11/5 ғимарат, 5 қабат, 504/1 кабинет, пошта индексі 010000.
Өтінімдерге қол қойылуы, тігілуі, нөмірленуі, өтініш беруші басшысының не сенім білдірілген адамның мөрімен және қолымен бекітілуі тиіс (уәкілетті тұлғаның сенімхаты қоса беріледі).
Өтініш берушінің атынан сенімхат оның басшысының немесе оған құрылтай құжаттарымен уәкілеттік берілген өзге тұлғаның қолы қойылып беріледі және егер осы тұлғаның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мөрі болуға тиіс болса, өтініш берушінің мөрімен бекітіледі.
Оператордың өтінімдерді қағаз нұсқада қабылдау уақыты: дүйсенбі мен жұма аралығында Астана қаласының уақыты бойынша сағат 9.00 мен 18.30-ға дейін (түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін).
2) мемлекеттік гранттың таңдалған басым бағытын, өтініш берушінің атауын және байланыстарын көрсете отырып, мұрағатталған бірыңғай WinRAR, WinZip файлында PDF және MS Word форматында электрондық тасымалдағышта ukad-mangystau@cisc.kz электрондық поштасына өтінімді міндетті түрде қайталай отырып, пошта байланысы арқылы немесе қолма-қол мына мекенжай бойынша қабылданады: Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 11/5 ғимарат, 5 қабат, 504/1 кабинет, пошта индексі 010000.
Өтінімдерге қол қойылуы, нөмірленуі, өтініш беруші басшысының не сенім білдірілген тұлғаның мөрімен және қолымен бекітілуі тиіс (уәкілетті тұлғаның сенімхаты қоса беріледі).
Өтініш берушінің атынан сенімхат оның басшысының немесе оған құрылтай құжаттарымен уәкілеттік берілген өзге тұлғаның қолы қойылып беріледі және егер осы тұлғаның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мөрі болуға тиіс болса, өтініш берушінің мөрімен бекітіледі.
Оператордың өтінімдерді электрондық тасымалдағышта қабылдау уақыты: дүйсенбі мен жұма аралығында Астана қаласының уақыты бойынша сағат 9.00 мен 18.30-ға дейін (түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін).
3) Мемлекеттік гранттың таңдалған басым бағыты, өтініш берушінің атауы мен байланыстары көрсетіле отырып, электрондық форматта ukad-mangystau@cisc.kz электрондық поштасына мұрағатталған WinRAR, WinZip файлында PDF және MS Word форматында жіберіледі.
Өтінімдерге қол қойылуы, нөмірленуі, өтініш беруші басшысының не сенім білдірілген тұлғаның мөрімен және қолымен бекітілуі тиіс (уәкілетті тұлғаның сенімхаты қоса беріледі).
Өтініш берушінің атынан сенімхат оның басшысының немесе оған құрылтай құжаттарымен уәкілеттік берілген өзге тұлғаның қолы қойылып беріледі және егер осы тұлғаның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мөрі болуға тиіс болса, өтініш берушінің мөрімен бекітіледі.
Оператордың өтінімдерді қабылдау уақыты өтінімдерді қабылдау күндері тәулік бойы және өтінімдерді қабылдаудың соңғы күні сағат 18.30-ға дейін.
- Конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттардың тізбесі:
1) Қағидалардың №7 қосымшасына сәйкес үкіметтік емес ұйымдар үшін қысқа мерзімді гранттар беру конкурсына қатысуға өтінім (сілтеме: adilet.zan.kz/kaz/docs/V2200029848);
2) құрылтай құжаттарының көшірмелері (барлық өзгерістері мен толықтырулары қоса берілген жарғы, құрылтай шарты (бар болса), өтініш берушінің уәкілетті органының бірінші басшыны тағайындау туралы шешімі және өтініш берушінің басшысының жеке басын куәландыратын құжаты).
3) өтінімнің «Әлеуметтік жобаның серіктестері» (серіктестердің хаттары), «Іске асырылған негізгі жобалар мен бағдарламалар» (көрсетілген қызметтер актілерінің және шот-фактуралардың электрондық көшірмелері. Әлеуметтік жобалар шетелдік көздер есебінен іске асырылған жағдайда және гранттар Оператор арқылы іске асырылған жағдайда – әлеуметтік жобаның іске асырылуын растайтын шарттардың және өзге де құжаттардың көшірмелері) жолдары толтырылған жағдайда.
- Қосымша ақпарат және консультация алу
Конкурстық іріктеу үдерісімен және сараптамалық комиссия қызметімен Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2022 жылғы 26 қыркүйектегі № 406 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік гранттарды қалыптастыру, беру, мониторингтеу және олардың тиімділігін бағалау қағидаларында толығырақ танысуға болады.
Оператордың қызметкерлері өтінімдерді қабылдау барысындағы кез-келген уақытта консультация бере алады. Қосымша ақпарат пен түсініктеме алу үшін Операторға келесі телефондар арқылы хабарласуға болады:
1) өтінім беру мәселелері бойынша келесі телефон арқылы: +7 (7172) 79 08 72, 79 04 31;
2) «Әлеуметтік жобаның мақсаты», «Әлеуметтік жобаның міндеттері», «Әлеуметтік жобаның сипаттамасы: іске асыру тетіктері (әдістері)», «Жоба туралы презентация (сілтеме)», «Әлеуметтік жобаны іске асыру аумағы», «Әлеуметтік жобаны іске асырудың басталу күні», «Әлеуметтік жобаны іске асырудың аяқталу күні», «Әлеуметтік жобаның нысаналы топтары», «Нысаналы индикаторларды орындауға бағытталған әлеуметтік жобаның нәтижелері», «Әлеуметтік жобаның әріптестері», «Әлеуметтік жобаны ақпараттық сүйемелдеу қалай ұйымдастырылады», «Күнтізбелік жоспар» бөлімдерінің өтінімін толтыру мәселелері бойынша келесі телефондар арқылы: +7 (7172) 79 08 04, 79 08 03, 79 04 30;
3) «Әлеуметтік жобаның шығындар сметасы» бөлімдерінің өтінімін толтыру мәселелері бойынша келесі телефондар арқылы: +7 (7172) 79 08 28;
4) ukad-mangystau@cisc.kz электрондық поштасы арқылы.
- ҮЕҰ-ға арналған мемлекеттік гранттардың басым бағыттарының бекітілген тізбесі
Конкурс «Маңғыстау облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» ММ басқарма басшысының «Үкіметтік емес ұйымдарға арналған 2024 жылға мемлекеттік гранттардың басым бағыттарының тізбесін бекіту туралы» 2024 жылғы «21» ақпандағы № 26-нқ бұйрығы шеңберінде өтеді.
Үкіметтік емес ұйымдар үшін 2024 жылға арналған мемлекеттік гранттардың басым бағыттарының тізбесі Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының басымдықтары, Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттары, Қазақстан Республикасы Президентінің жолдаулары, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары негізінде қалыптастырылады. Бұйрықтың және оған қосымшаның көшірмесі «Маңғыстау облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» ММ ресми сайтында орналастырылған: https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-history/documents/details/613433?lang=kk