Жарияланған күні: 17.07.2026
Жамбыл облысында Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңесте өңірдегі азаматтық қоғам институттарын қолдау, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыру және мемлекеттік гранттарды іске асырудың нәтижелері талқыланды.
Іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты.
Жиын барысында өңірде жүзеге асырылып жатқан гранттық жобалардың нәтижелері сараланып, мемлекеттік қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру мәселелері қаралды.
Бүгінде Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы арқылы Жамбыл облысында жалпы сомасы 51 млн теңгені құрайтын 7 гранттық жоба жүзеге асырылуда. Олар азаматтық қоғамды дамыту және үкіметтік емес ұйымдардың қызметінің тиімділігін арттыруды қоса алғанда, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту, отбасылық-демографиялық мәселелерді шешу, жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау және мемлекеттік қызметтердің сапасына қоғамдық мониторинг жүргізу бағыттарын қамтитын 7 басым бағыт бойынша іске асырылып келеді.
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының Басқарма төрағасы Елдар Сапаров өз сөзінде өңірлік үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін нығайту мемлекеттік гранттық саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
Сондай-ақ ол мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы әріптестікті нығайту, өңірлік ұйымдардың ұзақ мерзімді әлеуметтік жобаларды іске асыру мүмкіндігін кеңейту және мемлекеттік гранттарды басқарудың тиімді тетіктерін дамыту жұмыстары жалғасатынын атап өтті.
Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша ұйымдастырылған шағын гранттар конкурсында Жамбыл облысының үкіметтік емес ұйымдары жоғары белсенділік танытып, 5 ұйым жеңімпаз атанды. Нәтижесінде өңірде «Zhas Qorgau – Taraz», «Тұмар – ана алақанының жылуы», «Жанұя», «Белсенді қауым – Берекелі ауыл» және «Мәдени мұра» жобалары жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар өңірдің әлеуметтік дамуына және азаматтық қоғам институттарының белсенділігін арттыруға үлес қосуда.
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы өңірлердегі гранттық жобаларды іске асыру тәжірибесін одан әрі кеңейтіп, үкіметтік емес ұйымдардың тұрақты дамуына қолдау көрсету бағытындағы жұмысын жалғастырады. Бүгінде Орталықтың өңірлік гранттарды іске асыру тәжірибесіне еліміздің бірқатар өңірлері қызығушылық танытып, өз жобаларын осы тетік арқылы жүзеге асыруға ниет білдіруде.