Волонтерлік бағыттағы 30 гранттық жобаның қорытындысына арналған баспасөз конференциясы өтті

Жарияланған күні: 03.11.2026


 

3 қарашада Астанада «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ жүзеге асырған экологиялық волонтерлік, жануарларды қорғау және төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсету бағыттарындағы гранттық жобалардың қорытындысына арналған баспасөз конференциясы өтті.

Жобалар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.

Шағын гранттар конкурсына еліміздің барлық өңірінен 210 өтінім түсті. Іріктеу нәтижесінде әр бағыт бойынша 10 бастамадан, барлығы 30 жоба қолдау тапты. Әр жобаға 1 млн теңгеден бөлініп, жалпы қаржыландыру көлемі 30 млн теңгені құрады.

Экологиялық волонтерлік бағытындағы жұмыстар Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жүргізілді. Волонтерлер қоғамдық орындар мен су айдындарын қоқыстан тазалап, экологиялық мәдениетті насихаттау және мектептерде экоклубтар құру бағытында жұмыс жүргізді.

Еліміздің 13 өңірі мен қаласында 129 экологиялық іс-шара өткізіліп, 2,7 тоннаға жуық макулатура мен пластик жиналды. Алакөл жағалауынан 23 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Сонымен қатар өңірлерде 27 экологиялық клуб құрылды.

Жануарларға көмек көрсету бағытында ұйымдастырылған «Құстарға қыста көмектес» акциясы еліміздің 20 өңірін қамтыды. Акция барысында құстарды қоректендіру үшін 1 тоннадан астам жем берілді.

Сонымен қатар жүздеген жануарға зарарсыздандыру, вакцина егу және электрондық чип арқылы тіркеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, «Досыңды тап» Telegram-ботының көмегімен жануарларға жаңа иелер табу жұмыстары жүргізілуде.

Төтенше жағдайлар саласындағы волонтерлік бағытында еріктілерді даярлауға және олардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге басымдық берілді. Осы мақсатта ұйымдастырылған республикалық форумға еліміздің 20 өңірінен 105 волонтер қатысты.

Осы бағыттағы жобалар аясында волонтерлерді даярлаудың бірыңғай бағдарламасы әзірленіп, 2 мыңнан астам адам оқытылды. Сондай-ақ волонтерлер су айдындарында үш жазатайым оқиғаның алдын алды. Мүгедектігі бар адамдарды эвакуациялау бойынша 15 волонтер нұсқаушы ретінде даярланды.

Гранттық жобаларды іске асыру нәтижесінде волонтерлердің мобильді топтарын даярлау бағдарламасы, төтенше жағдайлар саласындағы волонтерлердің дерекқоры, сондай-ақ үздік тәжірибелер мен әдістемелік материалдар әзірленді.

Жүзеге асырылған жобалар өңірлердегі волонтерлік бастамаларды қолдауға, еріктілердің тәжірибесін арттыруға және олардың қоғамдық мәселелерді шешуге қатысуына мүмкіндік берді.