Жарияланған күні: 27.11.2026

Астанада Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен «Қазмедиа орталығының» бірлескен кездесуі өтті. Іс-шара барысында қатысушылар мемлекеттік гранттық қаржыландыру тетіктерімен және үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларды іске асыру тәжірибесімен танысты.
Кездесу барысында Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Мансия Есекеева Орталықтың қызметін, үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік гранттық қаржыландыру тетіктерін және азаматтық бастамаларды қолдаудың негізгі бағыттарын таныстырды.
Сондай-ақ мемлекеттік гранттар аясында әлеуметтік жобаларды іске асырып жатқан үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері атқарылған жұмыстар туралы баяндап, өз тәжірибелерімен бөлісті.
«Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ақнұр Тұрдалиева балалар мен жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру, «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету, көшбасшылық және кәсіби дағдыларды қалыптастыру, әскери-патриоттық тәрбие беру бағытындағы жобаларды таныстырды.
Ал «Ұлттық волонтерлік желі» ұйымының жоба жетекшісі Гүлжамила Камарова еліміздегі волонтерлік қозғалыстың негізгі бағыттарына, зооволонтерлікті дамыту және азаматтарды еріктілік қызметке тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Ашық диалог барысында қатысушылар мемлекеттік гранттар аясында іске асырылып жатқан жобалар мен азаматтық бастамаларды халық арасында кеңінен тарату мәселелері бойынша пікір алмасты.