Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын танытатын үстел ойыны әзірленді

Жарияланған күні: 14.10.2026


 

Жастар мен оқушыларға Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын интерактивті форматта таныстыруға арналған «Uly Dala Joly: Ұлы Дала Тарихы» үстел ойыны әзірленді. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының шағын гранты аясында жүзеге асырылды.

Бастама «Тарих және мәдениет саласындағы волонтерлікті дамыту» бағыты бойынша іске асырылды. Ойын арқылы қатысушылар Қазақстанның тарихи орындарымен танысып, тапсырмаларды орындау арқылы тарихи-мәдени мұра туралы білімдерін толықтырады. Ойын 8 жастан бастап ойнауға арналған және бір мезетте 6 адамға дейін қатыса алады.

Ойынды әзірлеу барысында оның механикасы мен дизайны жасалып, алғашқы прототипі тарих пәні мамандарының сараптауына ұсынылды. Мамандар тарихи деректер мен мазмұнды бағалап, бірқатар ұсыныс берді. Соның негізінде ойынның мазмұны, ережелері мен механикасы жетілдірілді.

Жоба аясында үстел ойынының 15 жиынтығы басып шығарылды. Ойын Астана, Қарағанды және Тараз қалаларында сынақтан өтті. Осы қалаларда ұйымдастырылған төрт ойынға барлығы 40 адам, оның ішінде жастар мен мектеп оқушылары қатысты.

Жоба аяқталғаннан кейін ойын жиынтықтары жастар ұйымдарына, волонтерлік орталықтар мен білім беру ұйымдарына таратылды. Олардың қатарында М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Жамбыл облысы еріктілер қозғалысы, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті, Астанадағы «28 петель» ұйымы, Теміртаудағы «Шаңырақ» волонтерлік орталығы және Ұлттық волонтерлік желі бар.

Таратылған ойын жиынтықтары жастар мен оқушыларға Қазақстанның тарихы мен мәдени мұрасын таныстыруға арналған танымдық іс-шараларда қолданылады.