Жарияланған күні: 18.11.2026

Астанада жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған «Esirtkisiz Qazaqstan» жобасы қорытындыланды. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының “Жастар арасында есірткіге тәуелділік пен есірткі қылмысының алдын алу” бағыты бойынша ұйымдастырылған мемлекеттік гранты аясында жүзеге асты. Биыл жоба аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен 10 мыңнан астам жас қамтылды. Ал нашақорлықтың алдын алуға арналған ақпараттық материалдар 500 мыңнан астам қаралым жинады.
Жобаның нәтижелері Esti Bol Qory қоры ұйымдастырған «Esti Bol Qory 2026: деректерден шешімдерге» атты дөңгелек үстелде таныстырылды. Іс-шара барысында Қазақстандағы есірткіге қатысты жағдайды зерттеу нәтижелері, нашақорлықтың алдын алуда халықаралық тәжірибе мен цифрлық технологияларды қолдану мәселелері талқыланды.
Жоба аясында БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының есірткіні тұтынудың алдын алу жөніндегі халықаралық стандарттары қазақ тіліне аударылды. Сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, жастармен жұмыс істейтін мамандарға арналған әдістемелік құрал әзірленді.
Жобаның негізгі бағыттарының бірі – интернет кеңістігінде заңсыз контенттің таралуына қарсы күрес. Биыл MERGEN ақпараттық жүйесі арқылы 12 мыңнан астам интернет-сілтеме тексеріліп, оның 1 480-і бұғатталды.
Сонымен қатар жыл ішінде өңірлерге 19 жұмыс сапары ұйымдастырылып, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен 20-дан астам кездесу өткізілді. Өзара ынтымақтастық аясында 35 келісім мен меморандумға қол қойылды. Бұл жұмыстар өңірлердегі нашақорлықтың алдын алу шараларының ерекшеліктерін зерделеуге және жергілікті мамандармен байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.
2027 жылы қор нашақорлықтың алдын алуға бағытталған жалпыұлттық қозғалысты дамытуды жоспарлап отыр. Қозғалыс аясында өңірлік бастамалардың, жастар белсенділерінің, бейінді мамандар мен мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіру көзделген. Алдағы міндеттердің қатарында өңірлік инфрақұрылымды дамыту, мамандарды даярлау және ғылыми зерттеулер негізінде нашақорлықтың алдын алу тәсілдерін жетілдіру де бар.