Жарияланған күні: 04.10.2026

Астанада қазақстандықтардың цифрлық, қаржылық және технологиялық құзыреттерін арттыруға бағытталған «IT Aiel» және «Aqyl Tech» білім беру жобаларының қорытындысы шығарылды. Екі жоба аясында 33 мыңнан астам адам заманауи дағдыларды меңгерді.
Білім беру бастамаларын Astana Hub серіктестігімен TechnoWomen үкіметтік емес ұйымы жүзеге асырды. Қорытынды конференцияға «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ төрағасы Елдар Сапаров қатысты.
Өз сөзінде Елдар Сапаров азаматтық бастамаларды қолдау қоғам мүшелеріне жаңа мүмкіндіктер ұсынып қана қоймай, олардың кәсіби және экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретініне және азаматтық сектордың әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырудағы рөліне ерекше тоқталды.
«Бүгінде азаматтық бастамаларды қолдау – әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру мүмкіндігі ғана емес, адамдар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырудың тиімді құралы. «IT Aiel» және «Aqyl Tech» жобалары 33 мыңнан астам қатысушыны біріктіріп, заманауи білім мен цифрлық құралдарға қолжетімділіктің кәсіби дамуға, жұмыспен қамтуға және кәсіпкерлікке ықпал ететінін көрсетті. Мұндай жобалардың ірі қалалармен шектелмей, өңірлер мен ауылдық елді мекендерді де қамтуы маңызды. Бағдарламаларға қатысушылар цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, қаржылық сауаттылық және кәсіпкерлік бағыттарында практикалық білім алып, оны жұмысқа орналасу, жеке ісін дамыту және жаңа жобаларды іске асыру барысында қолдана алады.», – деді Елдар Сапаров.
2026 жылы «IT Aiel» жобасына 5 646 әйел қатысып, білім алуда. Бағдарлама аясында қатысушылар цифрлық құралдар мен жасанды интеллект технологияларын меңгеріп, өз жобаларын әзірлеуге, AI негізіндегі контент жасауға, цифрлық өнімдер әзірлеуге және бизнес-процестерді автоматтандыруға қажетті дағдыларды игереді.
Жобаның маңызды нәтижелерінің бірі – 2026 жылы 1 533 әйелдің жұмысқа орналасуы немесе фрилансқа шығуы. Қатысушылар алған білімін кәсіби дамуына, жеке жобаларын іске қосуға және IT мен технологиялық секторда жұмыс істеуге пайдаланып отыр.
«Aqyl Tech» жобасы негізінен жастарды, сондай-ақ өңірлер мен ауылдық жерлердің тұрғындарын қамтуға бағытталған.
Қатысушылар қаржылық сауаттылық, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект бойынша білім алып, жаңа дағдыларын әртүрлі салада қолдануда. Олардың қатарында кәсіпкерлік пен инженерия, медицина, білім беру және басқа да бағыттар бар.
Жобалардың басты ерекшелігі – технологияларды теориялық тұрғыда меңгерумен шектелмей, оларды күнделікті өмірде, кәсіби қызметте және бизнесте іс жүзінде қолдануға басымдық берілуі.
Бағдарламалар барысында қатысушылар цифрлық құралдарды, жасанды интеллект технологияларын, қаржылық сауаттылық негіздерін, кәсіпкерлік дағдыларды және заманауи технологиялық шешімдерді меңгерді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай білім беру бастамалары азаматтардың жаңа технологияларға бейімделуіне, еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтуіне және өз жобаларын жүзеге асыруына жағдай жасайды.