CISC пен Еңбек ресурстарын дамыту орталығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Жарияланған күні: 14.08.2026


«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ пен «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар әлеуметтік осал топтар үшін білім беру мүмкіндіктерін кеңейту және азаматтық сектордың оқыту бастамаларын Skills Enbek платформасының мүмкіндіктерімен ұштастыру бағытында ынтымақтастықты дамытуға ниетті.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – әлеуметтік осал топтарға арналған онлайн-курстарды әзірлеу. Сонымен қатар ҮЕҰ қатысуымен жүзеге асырылатын оқыту бастамаларын Skills Enbek платформасының мүмкіндіктерімен ұштастыру перспективалары қарастырылады. Атап айтқанда, NEET санатындағы жастарды, сондай-ақ түзету мекемелерінен босатылған жастарды әлеуметтендіруге, жаңа дағдыларды меңгеруге және еңбек нарығына бейімдеуге бағытталған оқыту бағдарламаларына басымдық беріледі.

Skills Enbek – еліміздің адами капиталын дамытуға бағытталған отандық цифрлық платформа. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметінше, бүгінде оны 1,3 млн адам пайдаланады. Платформада 412 автордың қатысуымен әзірленген 552 онлайн-курс орналастырылып, 1,2 млн-нан астам сертификат берілген.

«Біз үшін ҮЕҰ-ның кәсіби әлеуетін күшейту және әлеуметтік жобалардың нақты нәтижеге бағытталуы маңызды. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының цифрлық мүмкіндіктерін азаматтық сектордың тәжірибесімен ұштастыру оқыту бағдарламаларының қолжетімділігі мен практикалық маңызын арттыруға мүмкіндік береді деп санаймыз», – деді «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасы Елдар Сапаров.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы ҮЕҰ арқылы жастармен, әлеуметтік осал топтармен және өңір тұрғындарымен жұмыс істейтін әлеуметтік жобаларды қолдайды. Осы тәжірибе Skills Enbek платформасындағы оқыту, кәсіби бағдар және дағдыларды дамыту мүмкіндіктері туралы ақпаратты мақсатты аудиторияға жеткізуде қосымша ресурс бола алады.

Қол қойылған меморандум екі ұйымның тәжірибесі мен мүмкіндіктерін ұштарып, әлеуметтік жобалар аясындағы оқыту бастамаларын дамытуға және ынтымақтастықтың нақты тетіктерін одан әрі бірлесіп пысықтауға негіз болады.