Атырау облысында шағын грант аясында оқушылар робототехника негіздерін меңгеріп жатыр

Жарияланған күні: 21.10.2026


 

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының «Ауылдық жерлерде азаматтық бастамаларды дамыту» бағыты бойынша берілген шағын гранты аясында «QADAM – STEM және IT кабинеті» жобасы жүзеге асырылуда.

Аталмыш жоба аясында Атырау облысы Исатай ауданының Жанбай ауылында ашылған робототехника кабинетінде 15 оқушы арнайы жабдықтардың көмегімен робот құрастыру және бағдарламалау негіздерін үйренуде.

Бастаманың мақсаты – ауыл оқушыларының ақпараттық технологиялар, инженерия және робототехника салаларына қызығушылығын арттырып, заманауи техникалық білім алуына жағдай жасау.

Хамидолла Наубетов атындағы орта мектебінен ашылған STEM кабинеті 3D принтер және WeDo 2.0 робототехника жиынтықтарымен жабдықталып, 1 қыркүйекте қолданысқа берілді.

WeDo 2.0 жиынтықтары балаларға робототехниканың бастапқы қағидаларын тәжірибе арқылы үйренуге мүмкіндік береді. Оқушылар оларды пайдаланып, қарапайым робот үлгілерін құрастырады, құрылғылардың жұмыс істеу тәртібімен танысып, бағдарламалау негіздерін меңгереді. Жабдықтар бір мезгілде бес баланың жұмыс істеуіне арналған.

Робототехника сабақтары оқушылардың жаңа технологияларды тәжірибе жүзінде меңгеруіне мүмкіндік беруде. Жобаға қатысушы Нұролла Қарлығаш Бейбітқызы өз әсерімен бөлісті:

«Маған робототехника сабақтары өте ұнайды! Әртүрлі роботтарды өз қолыңмен құрастыру өте қызық. Болашақта мен де осындай мықты роботтар жасағым келеді!»

Үйірме сабақтары оқу жылының соңына дейін жалғасады. Сабақтарға қатысуға ниет білдірген балалар саны да көп. Осыған орай алдағы уақытта жоба ұйымдастырушылары 10–15 жас аралығындағы оқушыларға арналған күрделірек робототехника жиынтықтарын алуды жоспарлауда.