Алдар Көсе жасанды интеллект көмегімен жастарға заңды түсіндіреді

Жарияланған күні: 12.11.2026


 

Маңғыстау облысында жасанды интеллект технологияларының көмегімен жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған «Алдар Көсенің заң әлеміне саяхаты» атты танымдық бейнероликтер топтамасы әзірленуде. Жеті сериядан тұратын жобада қазақ ауыз әдебиетінің танымал кейіпкері интернет алаяқтығы, кибербуллинг, құқықтық жауапкершілік және күнделікті өмірде кездесетін өзге де мәселелерді түсіндіреді. Бүгінде жарияланған алты бейнеролик 37 536 қаралым жинады.

Бейнероликтер Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ ұйымдастыруымен берілген мемлекеттік грант аясында жүзеге асырылып жатқан «Zan mektebi» жобасы шеңберінде әзірленуде. Жобаны «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі іске асыруда. 

Бастама – жастар арасында «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру бағытында жүзеге асырылуда.

Танымдық бейнероликтерде жасөспірімдер күнделікті өмірде тап болуы мүмкін жағдайлар мен олардың құқықтық салдары қамтылған. Атап айтқанда, интернетте жеке деректерді қорғау, күмәнді сілтемелерден сақтану, телефон және онлайн алаяқтықтың кең таралған тәсілдерін тану жолдары түсіндіріледі. Сонымен қатар буллинг пен кибербуллинг үшін жауапкершілік, жанжалдарды медиация арқылы бейбіт жолмен шешу, жастардың құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат беріледі.

Топтаманың басты ерекшелігі – күрделі құқықтық тақырыптардың балалар мен жасөспірімдердің жас ерекшеліктеріне сай, қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізілуі. Заң талаптары мен құқықтық ұғымдар Алдар Көсенің қатысуымен өрбитін қызықты оқиғалар және күнделікті өмірден алынған мысалдар арқылы түсіндіріледі. Жасанды интеллект технологиялары мен анимациялық элементтерді қолдану құқықтық ақпаратты жас аудиторияға тартымды форматта ұсынуға мүмкіндік береді.    

Бейнероликтер жастар жиі пайдаланатын әлеуметтік желілер арқылы кең аудиторияға таратылуда. Қазіргі уақытта жеті серияның алтауы TikTok, YouTube Shorts, Instagram және Telegram платформаларында жарияланды.