“Медицина саласындағы волонтерлікті дамыту” бағытындағы жобалар аяқталды

Жарияланған күні: 06.11.2026


 

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының ұйымдастыруымен шағын гранттар аясындағы  “Күміс дәрігерлер – қамқорлық пен тәжірибе”, “Jurekke Shipa: білім мен ізгілік көпірі”  жобалары қорытыланды. Жобалар “Медицина саласындағы волонтерлікті дамыту” бағыты бойынша жүзеге асырылды.

Алматы облысында жүзеге асырылған «Күміс дәрігерлер – қамқорлық пен тәжірибе» жобасының негізгі  мақсаты – денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар қызмет еткен зейнет жасындағы медицина мамандары мен ардагер дәрігерлердің кәсіби тәжірибесін тиімді пайдалану, шалғай аудандарда орналасқан ауыл тұрғындарына білікті дәрігерлерге көріну қызметін қолжетімді ету.

Жоба аясында зейнет жасындағы 22 тәжірибелі маман ауыл тұрғындарына, оның ішінде қарт кісілер мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға тегін медициналық көмек көрсетті. Нәтижесінде 500-ден астам ауыл тұрғындарына дәрігерлік көмек көрсетілді. 

Жобаның алғашқы іс-шарасы Талғар аудандық орталық ауруханасынан бастау алып, дәрігерлерге диагностикалық базалық құралдардан жинақталған арнайы “волонтерлер сөмкесі” табысталды.

Сонымен қатар, жоба шеңберінде ұрпақаралық кәсіби сабақтастық пен медициналық волонтерлікті дамыту мақсатында зейнет жасындағы білікті дәрігерлер ауылдық ауруханаларда қызмет ететін жас мамандарға тәлімгерлік етіп, кәсіби білімдерімен және көпжылдық тәжірибелерімен бөлісті. 

Сондай-ақ, Астана қаласында ұйымдастырылған  «Jurekke Shipa: Білім мен ізгілік көпірі» жобасы аяқталды. Жобаның басты мақсаты – медицина студенттерін волонтерлік қызметке тарту,  білімдерін тәжірибеде қолдануына жағдай жасау және қарт адамдарға медициналық әрі әлеуметтік көмек көрсету.  

Бастамаға 200 волонтер жұмылдырылды. Волонтерлер Астана қаласындағы «Бақыт» қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған пансионатына барып, тұрғындардың денсаулық жағдайын бақылауға көмектесті. Олар өздерінің медициналық білімдерін тәжірибеде қолданумен қатар, қарияларға әлеуметтік қолдау көрсетіп, олардың күнделікті өміріне араласты. Бастама студенттердің кәсіби дағдыларын жетілдіруге және волонтерлік қызметке белсенді қатысуына мүмкіндік берді.