Жарияланған күні: 09.10.2026

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының Басқарма төрағасы Елдар Сапаров Ақтөбе облысында жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуде үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік гранттар арқылы қолдау, өңірлердегі әлеуметтік жобалардың тиімділігін арттыру және азаматтық секторды дамыту мәселелері талқыланды.
Тараптар бұл мәселелерді «Азаматтық әріптестік: жаңа форматтар – ортақ шешімдер» конференциясы аясында ұйымдастырылған «Әлеуметтік жобалар: қаржыландырудан нәтижеге дейін» панельдік сессиясында талқылады.
Талқылау барысында өңірлерде гранттық қаржыландыру тетігін қолдану тәжірибесіне және әлеуметтік жобалардың нақты нәтижелеріне назар аударылды.
Қазіргі уақытта, жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік мәселелерді шешуге азаматтық секторды тартып, жергілікті бастамаларды мемлекеттік гранттар арқылы қолдауға басымдық беруде. 2026 жылы гранттық қаржыландыру тетігіне көшкен өңірлер саны өткен жылмен салыстырғанда артты. Мәселен, Ақтөбе облысында гранттық жобаларды қаржыландыруды екі есеге арттыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, конференция аясында өткен «Өңірлер дауысы» ашық микрофонында қатысушылар өз тәжірибелерімен және ұсыныстарымен бөлісті. Өңірлік ресурстық және азаматтық орталықтар арасында тәжірибе алмасу, сараптамалық қолдау көрсету және бірлескен бастамаларды дамыту мәселелері талқыланды.